Елімізде масылдық көңіл күйді азайту маңызды мәселе

52

Түркістан облысының тұрғындарының назарына патерналистік көңіл-күй мен масылдықты төмендету жайында мақаланы ұсынамыз. Елімізде масылдық көңіл күйді азайтып, NEET санатындағы азаматтарға қолайлы орта жарату үшін 2025 жылға дейін жоспар әзірлеген. Мәселен жыл сайын 1 мыңнан астам мәдени, спорттық, волонтерлық шаралар ұйымдастыру арқылы қоршаған ортаға жақсы көңіл күй сыйлау да бағдарламаның бір бағыты. Осы күнгі ең үлкен мәселенің бірі баспана болса, 12 мың жатын орындық жатақхана әзірленеді. Сондай-ақ, жалдамалы 9 мың 150 пәтер беру қарастырылған.

Ғалымдардың зерттеуінше, масылдық психологияның көрінісі – бала 2 жасқа толғаннан кейін жеңіл, қолынан келетін дүниелерді істеуіне ата-аналардың мүмкіндік бермеуінен басталады. Мұны күнделікті қарапайым дүниелердің қалыпты нормаға айналып кеткенінен аңғару қиын емес. Мәселен, үлкендер тарапынан балаға берілетін шектен тыс махаббат пен қамқорлық оның өзін тануы мен дамуын тежейді. Тамақтанғанда қасықты өзіне ұстатпай, әке-шешесі аузына тосса, жыласа, бірден әлпештеп, қалауын орындаса, бала психологиясында уақыт өте келе масылдық әдеттер орныға бастайды. Сәйкесінше бұл баланың тұлғалық жетілуінде еңбек ету, құлшыну, қиындықты жеңу, шешім шығару деген сынды дағдыларға бейімсіз етеді.

Еңбек қағидаты мен заңдылығына сай болу үшін Абайдың «әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз болады, әрбір қайратсыз қорқақ, мақтаншақ келеді. Ал әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз надан болса, әрбір ақылсыз надан, арсыз келеді. Әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады» дегенін қаперге аламыз.

«Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан, қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсету – басты міндеттердің бірі. Ал, көмекке шынымен мұқтаж жандар, өкінішке қарай, әлеуметтік қолдау шараларынан тыс қалып жатыр. Әрине, біздің еліміздің мүмкіндіктері зор, бірақ оның да шегі бар. Ең бастысы, әлеуметтік жеңілдікке ие болсам деген орынсыз пиғыл адамды өз еңбегімен табыс табу қабілетінен айырады. Мұндай жағымсыз өмір салты ұрпақ тәрбиесіне қазірдің өзінде кері әсер ете бастады. Сондықтан, бізге түбегейлі өзгеріс керек. Заң да, қоғам да, адамдардың сана-сезімі де өзгеруге тиіс» – деген Мемлекет басшысы тиісті азаматтарға арнайы тапсырма берген еді. Яғни, жаңадан жазылып жатқан Әлеуметтік кодексте жоғарыда айтылған немесе сол іспетті мәселелер шешімі майшаммен қаралуы керек.