ЖҰМБАҚ ЖіГІТ

757

Жұмбақ жасырсам табасыз ба? Табан астындағыны таба алмайтын баласыз ба, байқап көріңіз, басыңызды ептеп шайқап көріңіз. Жұмбағым мынандай: оның ата-тегі «мынандай» деген сөзге мықты ұйқасады. Ал азан шақырып қойған аты кім? Атақты ақын-жазушы Сейфуллиннің, Жүнісовтің, Иманасовтың және «МұзАРТ» тобының әйгілі әншісі Майғазиевтің есімдерімен оның есімі егіз қозыдай ұқсас. Таптыңыз ба? Әпбәрекелді!Иә, ол-қаламының қарымы бар, қастерлі ойының арыны бар, дархан көңіл дарыны бар Сәкен Сыбанбай.Ол расында да Қазақстанның қазба байлығындай жұмбақ жігіт. Жер астында ашылмаған қандай қазына бар екенін біле бермейміз ғой. Бірақ жобалаймыз. Сәкен де сондай.Сөзіміздің бісімілләсін жұмбақтан бастаған себебіміз де сол. Оның табиғи таланты мен жабулы қазандай жан-дүниесін аша түсу үшін жұмбағымызды жалғастырайық.
Бержағынан қарасаң,
Аржағы көрінеді.
Аржағынан қарасаң,
Бержағы көрінеді.
Бұл не? Шешуі-терезе. Бірақ бұл жұмбақтың шешуін Сәкен Сыбанбай десе де болады. Көңілі әйнектей, аузын ашпаса да аржағындағы ақ жүрегін көресің. Тағы бір жұмбақ.
Басы да екеу,
Аяғы да екеу.
Шешуі не? Қайшы немесе Сәкен Сыбанбай.Сәкен де қара қайшыдай қиып түседі. Білімі мен білігіне, қабілеті мен қарымына қарағанда, иығында бір емес, екі бас бар сияқты.Байқадыңыз ба, қаламгер Сәкенді қайшыға бекер теңеп отырған жоқпыз.
Қазақ шежіресін былай қойғанда, Үнді тарихының ұңғыл-шұңғылына сүңгіп, жағырапиясына дейін жаңғақтай шағады.Оны қойшы, хоббиі шығар. Ол өнер өлкесінде өзіндік соқпағы бар театр сыншысы.Маңдайымызға симай кеткен Әшірбек Сығайдың шәкірті болғасын ба, қай театрда қандай спектакль жүріп жатқанын түнде түртіп оятып сұрасаңыз-мүдірмейді ғой, мүдірмейді. Қай әртіс қай рольде ойнайды? Қай әнші қандай деңгейде? Оның қайсысы халық әнінің қалпын бұзып айтып жүр? Талдайды. Талдайды емес, тарыдай қуырады.Ал енді футбол десе алдындағы асын жерге қоятын жанкүйерлігі ақиық ақын Әбділда Тәжібаев пен домалақ допты сиқырға теңеген Сейдахмет Бердіқұловтан, спорт журналисі Несіп Жүнісбайдан кем емес.Әлемге әйгілі қай футболшы қай командада?Теңбіл доп шеберінің қайсысы қай жылы қанша гол соқты? Жатқа айтады. Жады мықты. Басы бас емес, компьютер. Сәкеннің басы да екеу деп отырғаным осы.
Қашан қарасаңыз да «Елек, елек тарым бар, көтере алсаң бәрін ал» деп жұмбақтаған құмырсқаның илеуіне ұқсайды. Еңбекқор.Өте еңбекқор. Тыным жоқ. Соған сүйсінесің. Бірақ тарының бәрін таси бермейді, талғамы жоғары. Ордалы ойлары мен қордалы көзқарасын електен өткізіп елейді.Екшеп-екшеп елге керегін алды, кебегін қалдырады.
-Бақа, бақа, балпақ,
Басың неге жалпақ?
-Жо-о-оқ,
Менің басым домалақ!
… Басының қандай екенін білмейтін
Басқаларға обал-ақ.
Бұл-жұмбақ емес, мысал.Біздің Сәкен сынадай қағып сынайтын кейіпкеріне «Сен бақа бассың!» демейді. Ажарлы ойын астарлап, тұспалдап жеткізеді.Кейбір кездерде «Жабу қисық емес, түйе қисық» деп беделіне қарамай бетке айтатын сәттері де бар.Тектіліктің қаны теуіп тұрғандықтан ба, негізі момын. Бірақ қойдан жуас қоңыр бала көрінгенімен, жуас түйедей жүндете бермейді. Жүндей алмайсың, не оған бірдеңе деп үндей алмайсың. Неге? Адамгершілігі мол, аурасы таза. Бір өзі-бір мемлекет. Шекарасы-аура.
Құдай бар байлықты оның мінезі мен тіліне берген.Оның аудармаларының өзін оқысаңыз, қаймағы бұзылмаған қазақ сөйлеп тұрғандай. Стоп! Шығармаларына тоқталмай-ақ қояйын, о жағын басқалар айта жатар.Түйіндейін. «Адамзат өмірінен әдебиетті алып тастасаң, сыңғырлаған ақша мен сықырлаған қару ғана қалады» деген ғұламалардың тәмсілін тәпсірлесек, «сыңғырлаған ақша мен сықырлаған қарудан» басқасын біздің Сәкеннің бойынан табасыз.

Көпен ӘМІРБЕК,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.