Масылдық – қоғамға жат

73

Түркістандық оқырмандарымыздың назарына қазіргі қоғамдағы үлкен проб­леманың бірі – масылдық туралы ақпараттарымызды ұсынамыз. Тіпті масылдықты кеселге балайтын әлеуметтанушылар да бар. Енді бірі мұқтаждық пен масылдықтың аражігін ажыратуды алға тартады. Жалпы, масылдық дегеніміз не? Жұмысқа құлқы жоқ, біреудің еңбегімен жатып ішуге дағдылану, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруді дұрыс санайтын психологиялық түсінікті жатқызады. Ондайлар көп пе? Ол жөнінде нақты ақпарат жоқ. Дегенмен қазақ  қоғамын  тұңғиыққа  батыратын кеселдің  біріне   айналды.

Олай болмаса Тұңғыш Президент өзінің Жолдауында: «Масылдық пен әлеуметтік инфантилизм секілді құбылыстарды еңсеріп, жеке адам мен бизнестің жоғары жауапкершілігіне, барлық еңбек субъектілерінің мемлекетке қатысты әріптестік өзара қарым-қатынасына негізделген еңбек қызметі мен игілікке жаңа тартымдылық енгізу қажет», – демеуші еді ғой.

Әлеуметтанушылар біреудің есебінен өмір сүру, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп күн көру, қиындыққа төзімсіздік таныту, жеңіл табыс табуға ұмтылу сынды жағымсыз қылықтар, әсіресе, нарық заңдылықтарына негізделген қоғамда айқын байқалатынын айтады. Адамның еңбекке деген қабілет-қарымы, ынта-жігері төмендігінен, оның еңбегіне деген сұраныс азайып, нәтижесінде сенімсіздік пайда болады. Оның арты «масылдық психологиясына» әкеледі.

Қоғам белсенділерін сөзге тартып, масылдық тақырыбын өзек еттік. Әрине көпке топырақ шашудан аулақпыз. Есік алдындағы жерді кәдеге жаратып, қап көтеріп, құрылыс жасап, сауданың көркін қыздырып, отбасын асырап жүрген ерлер аз емес. Пікірлестерімнің көбі еңбек бәсекесінде қабілетіміз төмен екенін мойындады.

Менің бір арманшыл көршім бар. Ауызбен үй тұрғызады, қымбат көлік  алады, іргелі шаруашылық құрып, ауылдастарын  жұмыспен қамтиды. Сөзбен бәрін қатырады. Бір жылы арманын қалқан етіп жалға жер алды. Сөйтіп қауын, қарбыз екті. Бақша дақылдары мерзімінде пісті. Қырсыққанда, өткізетін жер таппады. Қауын далада ағып кетті. Көршім осыған әкімдікті бір кінәлады, саудагерді бір кінәлады. Алайда өзінің жігерсіз­дігін, бәсекеге қабілетсіздігін  мойындағысы  келмейді.  Бүгінде  арман  кемесіне  мініп, әлі  қиялдап  жүр…