Масылдық көзқарастан арылсақ

86

Түркістандық оқырмандарымыздың назарына бүгінде түйінді мәселелердің бәрі масылдық әлеуметтік салаға тікелей қатысты екендігі жөнінде мәліметтерді ұсынамыз. Көпбалалы аналар, жалғызілікті қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың жанайқайына қоғам құлақ түріп, олардың өмірін жеңілдетуде барлық мүмкіндікті пайдаланып отырғаны белгілі. Десе де кейбіреулердің масылдық көзқарасы басым түсіп, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен күн көруге бейім келетіндердің қатары артқанын да байқап, олардың іс-әрекетін қалай түсінерімізді білмей дағдарған жайымыз бар. Барға қанағат, жоққа сабыр дейтін даналықты алға тартудың өзіне қаймығып қалғандаймыз. Жалпы адам жанының саулығына бастайтын көркем мінезі мен еңбекқорлығы болса, рухын биіктететін тақуалық екені ата-бабадан қалған қасиетіміз еді.

Дүниенің құлы дәл осы біз шығармыз. Алсақ, жесек, ұстап көрсек дейміз. Күнделікті тірлігімізді пайдасы аз, бос нәрселермен толтырып, қоқысқа оранып жүргендейміз. Ол аздай, қолда бардың буына масайып, жоқтың орнын толтырамыз деп ала шапқын боламыз. Осылай жүргенде уақыт шіркіннің зымырап өте шыққанын көреміз. Қазіргі адам табиғатына сәйкес жүрегіндегі қуысты құндылықпен емес, заттармен толтыруға асығатын сияқты. Әлеуметтік медиа, жарнама – негізгі ынталандырушы, бізді, алға апарушы күш. Көкірек көзімізді тұмшалап, барынша көбірек тұтынуымызға себепші де солар. Осылайша сыртқы факторларға жіпсіз байланып, жолымыздан жаңылып, «өзгенің дегенін» өзіміздің қалауымыз деп жүріп жатырмыз. Сайып келгенде, мұның сыртында үлкен мүдде жатқанын сезбейміз. Білетін жұрт адамдардың шектен тыс тұтынушылықтың, материалдық игіліктерге ұмтылуының әлеуметтік және рухани зардабы бар деп шешіпті. «Ониомания» деп дүние қууды айтады. Бұл тауарларды сатып алудан ләззат алып, осыған деген құмарлықтың тәуелділікке жеткізгенін білдіреді. Содан адам баласы сан мың тауар нөпірінің астында қалып өзін жоғалтады. Ашкөздік рухани дәрежеде тоғышарлыққа итерсе, Жер шары деп аталатын мына ортақ ғаламға зиянын тигізбей қоймайды. Ғаламшар тұрғындары қажеттілігінің шамадан тыс сұранысын өтеу жерасты, жерүсті қазынаның сарқылуына алып келеді. Бір жақсысы, кез келген нәрсенің шегі болатындай, ойсыз тұтынушылыққа қарсы тақуалық, аскетизм, соңғы кездері минимализм сәнге айналып келеді. Осы атаулардың қатарында «дауншифтинг» деген сөз естіле бастады. Ағылшын тілінен тікелей аударғанда көліктің жылдамдығын бәсеңдетіп, біріншісінен екіншісіне түсу дегенді білдіреді. Егер кең мағынасында алсақ, өзің үшін өмір сүр деген екен. Қарапайым өмір сүру деген ұғыммен егіз. Дауншифтингтер дүниенің баянсыздығын біліп, қалыптасқан шеңберді бұзып, ағынға қарсы жүзуге талпынады. Оларға салса, дүниені тәрк еткен ләзім. Өзімен-өзі үйлесімде, өз болмысын танып, тақуалықпен күн кешіп, рухани жасампаздыққа ұмтылу.