Мүгедектігі бар адамдар үшін өмірде кездесетін қиыншылықты жеңіп шығу оңай емес
Түркістан облысындағы «№2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ-нің жоспарлы сыйымдылығы 180 орын. Орталық зейнет жастағы жалғызбасты қарттар мен І, ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге арналған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауларынан туындаған міндеттердің жүзеге асырылуы аса маңызды. Өйткені Жолдауда атап көрсетілген мәселелер ел экономикасының қарышты дамуын, халықтың жағдайының жақсаруын, Қазақстанның әлемде беделді, бәсекеге қабілетті болуын көздейді. Мәселен, Мемлекет басшысы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға қолдау көрсетеміз. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да көмектесеміз», – деп айтқан еді. Бүгінде Жолдау жүктеген міндеттің бірі – мүгедектігі бар азаматтар мен аз қамтылған отбасыларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға көмек көрсету. Оның ішінде мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету – өңірімізде жүргізіліп жатқан әлеуметтік саясаттың жемісті жұмысының нәтижесі. Мұндай санаттағы азаматтарға қолайлы орта қалыптастыру ісінің облыс көлемінде жүзеге асырылу барысын сөз етсек, бұл бағыттағы шаруа талапқа сай атқарылып жатыр.
Мүгедектігі бар адамдар үшін өмірде кездесетін қиыншылықты жеңіп шығу оңай емес. Сондықтан да мемлекет тарапынан олардың әлеуметтік мәртебесін көтеру, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын түзеу, қоғамдық ортаға бейімделуіне жағдай жасау бағытында арнайы шаралар жүзеге асырылуда. Мүгедектігі бар адамдардың өзін-өзі қарап-күтуіне, өз бетімен өмір сүру мүмкіндігіне қол жеткізуіне немесе олардың отбасылық және қоғамдық өмірдің үйреншікті жағдайларына қайта оралуына жағдай жасауда арнайы оңалту құралдарының маңызы айрықша. Бүгінгі таңда мүгедектігі бар адамдарды қажетті арнайы оңалту құралдарымен және арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз ету жұмыстары автоматтандырылған түрде Әлеуметтік қызметтер порталы ақпараттық жүйесі арқылы жүргізіледі. Әлеуметтік қызметтер порталы – әлеуметтік-еңбек саласының бірыңғай ақпараттық жүйесінің бір бөлігі. Өйткені мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсетуде олар оңалту құралдары мен қызметтерді тікелей жеткізушілерден өз таңдауы арқылы дербес сатып алса, сол әділетті болады. Осыған мүмкіндік беріп отырған осы автоматтандырылған жүйе екенін айта кетуіміз керек. Қазіргі таңда мүгедектігі бар адамдар аталған портал арқылы техникалық оңалту құралдарының барлық түріне және мемлекеттік мекемелердің арнаулы әлеуметтік қызметтеріне тапсырыс бере отырып, өз қажеттіліктерін ешқандай мекемеге бармай-ақ шешіп отыр. Әлеуметтік қызметтер порталы оңалту құралдары мен қызметтеріне тең қолжетімділікті, үйден шықпай-ақ «бір терезе» қағидаты арқылы уақытылы әлеуметтік көмек көрсетуді, сондай-ақ жеке қажеттіліктерді, жеткізушілер, әлеуметтік қызметкерлер мен мамандар туралы мәліметтерді есепке алуды қамтамасыз етеді. Бұл адал бәсекелестікті арттырып, әлеуетті өнім берушілердің оңалту құралдары мен қызметтерін іске асыруға қатысуының ашықтығына қол жеткізуде таптырмас тетік болып отыр.