Балалардағы мүгедектік өмірлік іс-әрекеттің айтарлықтай шектелуін білдіреді

51

Түркістан облысындағы «№4 Тасарық арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ-нің жоспарлы сыйымдылығы 100 орынды құрайды. Орталық жасы 3-тен 18-ге дейінгі тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектігі бар балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге арналған.Тірек—қимыл аппараты бұзылған балалар өздерінің интеллектуалды және психикалық даму ерекшеліктеріне және физиологиялық күйлеріне сәйкес қоршаған адамдардың өзіне деген қатынасына өте сезімтал және кез келген әлсін өзгерістерге байқампаз болады. Мұндай балалар өте әсершіл, оларды оп-оңай ренжітуге болады, бұл балалардакез-келген жағдайға жағымсыз көзқарас қалыптасуы жеңіл.Тірек-қимыл аппаратының зақымдалуы немесе аурудың айқындалуы кезінде баланың сәбилік және ерте жасында ата-аналарының барлық күштері бұзылған қозғалыс қызметін дамытуға және түзетуге, яғни қалыпқа келтіруге бағытталады.

Балалардағы мүгедектік өмірлік іс-әрекеттің айтарлықтай шектелуін білдіреді, ол дамудың бұзылуынан, өзін-өзі күтудегі қиындықтардан, қарым-қатынастан, оқудан, болашақта кәсіптік дағдыларды меңгеруден туындайтын әлеуметтік бейімсіздікке ықпал етеді. Мүмкіндігі шектеулі балалардың әлеуметтік тәжірибені игеруі, оларды қолданыстағы қоғамдық қатынастар жүйесіне қосуы қоғамнан белгілі бір қосымша шараларды, құралдар мен күш-жігерді талап етеді (бұл арнайы бағдарламалар, арнайы оңалту орталықтары, арнайы білім беру мекемелері және т.б. болуы мүмкін). Бірақ бұл шараларды әзірлеу заңдылықтарды, міндеттерді, әлеуметтік оңалту процесінің мәнін білуге негізделуі керек. Қазіргі уақытта әлеуметтік оңалту процесі ғылыми білімнің көптеген салаларындағы мамандардың зерттеу нысаны болып табылады. Психологтар, философтар, әлеуметтанушылар, педагогтар, әлеуметтік психологтар және басқа мамандар бұл процестің әртүрлі аспектілерін ашады, әлеуметтік оңалтудың механизмдерін, кезеңдері мен кезеңдерін, факторларын зерттейді.

Бүгінгі таңда білім беру жүйесінде мүмкіндігі шектеулі балаларға айрықша орын бөлінген. Қазақстан Республикасының «Кемтар балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы» заңы мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсетудің тиімді жүйесін жасауға, Қ.Р «Білім туралы» заңында белгіленген тәртіппен білім беруге, оларды тәрбиелеуге, еңбекке және кәсіби даярлау ісіне байланысты проблемаларды шешуге, кемтарлықтың алдын алуға бағытталған. Қазіргі кезде әлеуметтік көмекке мұқтаж болып отырған және түрлі сырқаттарына байланысты әр түрлі кемістіктері бар, созылмалы ауруларға шалдыққан балалардың саны күннен-күнге көбейіп келеді. Бұлардың қатарында тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар да бар. Көптеген жылдар бойы тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар арнайы мамандардың, яғни мұғалімдер, психологтар, логопедтер мен дәрігерлердің ерекше назарында болып отыр. Тірек-қимыл аппараты бұзылған балалардың даму ерекшеліктеріне байланысты білім беруде арнайы мекемелерде оңалту, білім беру мен тәрбиелеу жүйесі құрылды. Еліміздегі мүмкіндігі шектеулі 138 513 баланың 20 279 (14,6%) тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар санын құрайды.