ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДА «АУЫЛ АМАНАТЫМЕН» 51 ЖОБА МАҚҰЛДАНДЫ

290

Жетісай ауданына қарасты Ж.Ералиев ауылында пилоттық жоба аясында 71 өтініш түсіп, оның 51-і мақұлданған. Түркістан облысында аталған жоба арқылы кәсіп бастағандар қатары күн санап артып келеді. Сонымен қатар оң қорытынды алған және 80,8 млн. теңгеге бағаланған 13 жоба жылыжай шаруашылығы болса, 208,25 млн. теңгеге мақұлданған 37 жоба сүт бағытындағы мал шаруашылығын дамытуға, ал 27 млн. теңгенің жобасы ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін ашып, сүт өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорнын іске қосуға бағытталған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы аясында аудандағы Ж.Ералиев ауылдық округінде атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, несие алуға ниетті шаруалармен тілдескен аудан әкімі тұрғындарға бағдарламаның тиімді тұстарын түсіндірді.
– Өңір тұрғындарын «Ауыл аманаты» бағдарламасының мүмкіндіктерін барынша тиімді әрі мақсатты пайдалануға шақырамын. Жаңаша, сұранысқа ие кәсіп ашып, табыстарыңызды арттырыңыздар. Аталмыш жоба бойынша несиелер барлық тұлғаларға 2,5 пайызбен 7 жылға дейін беріледі. Пилоттық жобаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 19,8 млрд. теңге қаржы бөлінген, – деді аудан басшысы Серік Мамытов.
Аталған бағдарламамен жобасы мақұлданып, 5,8 млн. несие алған тұрғынның бірі Бахадур Булишов бүгінде ауыл шаруашылығы саласын нағыз кәсіп көзіне айналдырып отыр. Ол 70 сотық жерінің 30 сотығына қауын, 25-не болгар бұрышы мен баклажан, ал, қалған 5 сотығына жылыжай арқылы қияр егіп келген кәсіпкер алатын несиесіне 0,15 гектар жерге жылыжай салып, кәсібін кеңейтпек.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызмет