Масылдықтың түп себебі неде?

144

Түркістан облысының тұрғындының назарына масылдықтың түбі және әлеуметтік инфантилизм жөнінде ақпараттарды ұсынамыз.Мемлекет басшысы атап өткендей, «әлеуметтік жаңғырту жолындағы айтарлықтай кедергі әлеуметтік инфантилизм секілді кең тараған құбылыс болып табыла­ды. Оның негізінде 90-шы жылдар­дағы «жабайы капитализмнің» өтпелі бастапқы кезеңінде «жабысқан» еңбекке өңі айналдырылған, теріс көзқарас жатыр. Бұл игілікке жетудің алдамшы формуласы – «аз жұмыс істеп, көп табу», «ауадан ақша жасау» және тағы басқаларды абсолютке көтерді. Әлеуметтік инфантилизммен зорайтылған дөрекі тоғышарлық жаңғыртудың тежегіші болуға қабілетті».

Қазақстанның қазіргі даму мүмкіндіктері кең арнаға түсіп отырғанда, біздің азаматтарымыздың кежегесі кейін тартып, масылдық психологиясынан, әлеуметтік инфантилизм секілді дерттен арыла алмай келе жатқандығының себебі неде? Әлеуметтік инфантилизм мен масылдықтың қанымызға сіңіп, бойымызға дендеп еніп алуының бір себебі – бір қоғамнан екінші қоғамдық жүйеге, кешегі кеңестік жүйенің шекпенінен арылып, тәуелсіз ел ретінде өмір сүре бастауымыздың өзі түптеп келгенде адам бойындағы «түсініксіз қасиеттердің» пайда болып, туын­дауына алып келген жоқ па? Уақытша орын алған әлеуметтік-экономикалық қиындықтардың өзі отандастарымыздың санасын жүз сексен градусқа өзгертіп жібергенін қалай жоққа шығаруға болады? Өтпелі кезеңнің қиын жерлері де осы болуы мүмкін – шынайы еңбек етуге тиіс адам әлденеше себептерді сылтау етіп, жұмыстың жоқтығын айтып, кінәні өзінен емес, өзгеден көруге бейімделіп алушылық та осындай әдеттердің пайда болуына негіз болып отыр. Ғасырлар бойы адамды адам еткен еңбек деп келсек, бүгінде сол еңбектің өзі көкпар тартысқа түсіп отырған жайы бар. «Еңбекті еңбек ретінде қабылдамаушылық», «еңбектің ырыс пен байлық әкелетінін түсінбеушілік», «еңбектің әр адамға бөліп берер несібесінің барын ұға алмаушылық», «еңбекті тек қана еңбек тудыратынын білмеушілік», «еңбектің арқасында барша өмірдің жақсара түсетінін мойындамаушылық» тәрізді көзқарастар адам жүрегінің түбінен терең орын алып алған сыңайлы. Рас, қазір әлем, заман басқа. Бұрынғыдай елдің барлығы жаппай зауыттарда, еңбектің қайнаған өтінде қызмет етпейді. Әркім өзіне ұнайтын, өзінің көңіліне жағатын жұмысты атқаруға құмбыл. Бос жүрген адамды жазалайтын кеңестік жүйе келмес-ке кетті. Уақыт талаптары өзгерді. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген ойшыл Абай сөзі кейбіреулердің санасын аса бір тебіренте қоймайтын да жағдайларды көріп жүрміз. «Маймылды адам еткен еңбек» деген сөз жаратылыс тұрғысынан алғанда нанымсыздау болса да, еңбек тұрғысынан алғанда бұл, әсілі, дәл айтылған сөз.

Бірақ біз жұмыссыздардың барлығы бірдей жұмыс істеуге ұмтылмайтындығын да көріп отырмыз. Өкінішке қарай, адамдар арасында жаңа біліктілікті меңгеруден гөрі базарда «такси» қызметін атқаруды қалайтын психология сақталып отыр. Егер біз бәсекеге қабілетті ұлт болғымыз келетіндігі рас болса, бұл психологиядан арылу қажет.