Масылдық сананы жеңетін — еңбек қана!

150

Түркістандық оқырмандарымыздың назарына масылдық санадан арылу жөнінде мәліметтерді ұсынамыз. Әрине қазір байқаймыз мемлекеттен бөлінетін әлеуметтік төлеммен күн көріп отырған отбасылар бар. Бұл белгілі бір санаттарға мемлекет тарапынан қолдау. Ол бір аса көп қаржы деп айта алмаймыз. Дегенмен бір отбасының кейбір қажеттілігін жабуы мүмкін. Мемлекет асырасын деген түсінікпен өмір сүру дұрыс емес деп ойлаймын. Өйткені адам ол қаржыға қарап қалмауы керек. Себебі жұмыс істеймін деген адамға,  барлық жол ашық. Тек ниет керек.  Қазір жастар ақылды, алғыр оларға  бағыт-бағдар көрсетсең болды, әрі қарай өзі алып кетеді. Дәл қазіргі қоғамда жұмыс жоқ деп түксіз отыруды дұрыс санамаймын. Мемлекет тарапынан жұмыспен қамтуға бағытталған  түрлі бағдарламалар бар. Кез келген адам қалаған жұмысын тауып, қалаған кәсіпті игеруіне мүмкіндігі мол.

Масылдық ол көктен түскен нәрсе емес. Ол адам баласының бойында жүре пайда болатын жағымсыз қасиет. Сондықтан масылдықпен күрес өмір бойы жалғасады. Адам баласы өз бойындағы жалқаулықты қалай жеңуге тырысса, масылдықты да солай жеңуге тырысуы керек. Бұл орайда ғалымдардың ойы «бәрі де адамның өзіне байланысты» дегенге саяды. Өмірде өз жолын дұрыс таңдап, сүйікті кәсібін таба білген адам ғана масылдықтан арылады. Нақтылай айтқанда, масылдық тек бүгін ғана пайда бола салған нәрсе емес. Сол себепті де оны түбегейлі жойып жіберу де қиынға соғары анық. Дегенмен, масылдықпен күресіп, жас ұрпақты еңбексүйгіштікке баулып, жаппай қоғам болып еңбектің рөлін биіктеткенде ғана еліміздің дамуы, өркендеуі бірнеше сатыға жоғарыламақ.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында қоғамда патерналистік көңіл-күй және әлеуметтік масылдық үрдісі белең алғанын атап өткен болатын. «Ел ішінде әлеуметтік бағдарламаларды әдейі жеке мүддесіне пайдаланатын азаматтар аз емес. Мұндай адамдар кез келген өркениетті елдегі сияқты заңның және бүкіл қоғамның алдында жауап беруі керек. Осындай жағдайлар «мемлекеттен ала берсем» деген көзқарас қалыптастырды. Ал, көмекке шынымен мұқтаж жандар, өкінішке қарай, әлеуметтік қолдау шараларынан тыс қалып жатыр. Әрине, біздің еліміздің мүмкіндіктері зор, бірақ оның да шегі бар. Ең бастысы, әлеуметтік жеңілдікке ие болсам деген орынсыз пиғыл адамды өз еңбегімен табыс табу қабілетінен айырады. Мұндай жағымсыз өмір салты ұрпақ тәрбиесіне қазірдің өзінде кері әсер ете бастады. Сондықтан, бізге түбегейлі өзгеріс керек» деген Мемлекет басшысының сөзі күрделі мәселені қоғам болып шешуіміз керектігін меңзеп тұрғандай.