Қоғам патерналистік пиғылдан арылуы қажет

168

Түркістан облысының тұрғындарының назарына патерналистік пиғылдан арылуы, тегін дүниені қарпып қалу, Үкіметке иек арту, біреудің есебінен өмір сүру, жанды қинамай, жеңіл жолмен ақша табуға ұмтылу психологиясы жөнінде мәліметтерді ұсынамыз. Азаматтардың бойында пайда болған мұндай мінез-құлықты бір кездері өтпелі кезеңнің қиындықтарына баладық. Расымен еліміз алғашқы жылдары әлеу­мет­тік-экономикалық қиындықтарға тап болған тұста көп адам нәпақасынан айырылып, абдырап қалды. Жұртшылық қайтсем ақша тауып, күнімді көремін деген күрделі жағдайды бастан кешірді. Ал қазір заман басқа. Ел азаматтары нарық заңдылықтарына бейімделіп, өз күнін өзі көретіндей деңгейге жетті. Бірақ сана-сезіміміз әлі күнге жаңарған жоқ. Тегін дүние үшін жанталаса ұмтылу патерналистік пиғылдан әлі күнге арыла алмай жатқанымызды көрсетсе керек.

Жалпы Қазақстанда кез келген адам мемлекеттің қамқорлығында. Расында да жағдайы жоқ, тұрмысы төмен отбасыларға, яғни ол адам көпбалалы отбасынан болмаса да табысы үй ішіндегі жан басына шаққанда кедейшілік шегінен төмен болса, оған мемлекет тарапынан жәрдемақы тағайындалады. Бұл елімізде ешкімнің далада қалмайтынын, әсіресе жағдайы төмен отбасылардың тұрмысын көтеру, көпбалалы аналарды да қамқорлыққа алып, жағдайын жасау жүйелі жолға қойылғанын көрсетеді. Осы күні тұрмыс жағдайы төмен, мемлекеттің ай сайынғы төлейтін жәрдемақысына малданып отырған кейбір азаматтардың атаулы әлеуметтік көмектен бас тартып, жалақысы жоғары жұмысқа орналасқанын немесе мемлекеттен қайтарымсыз қаржы алып, кәсіпке бет бұрғанын көріп жүрміз. Үйде бала күтімімен отырып, кенжесі үш жасқа толғанда ол азаматқа жергілікті мансап орталықтары қарым-қабілетіне, игерген мамандығына қарай міндетті түрде жұмыс ұсынады.

Мемлекет ұсынған жұмысты ол құп көрмесе, әлеуметтік төлем төлеу ісі тоқтатылады. Егер қандай да бір азамат мансап орталықтары ұсынған жалақысы аз жұмысты істеп жүрсе, ол да ел қатарлы өмір сүруі үшін тиісті мөлшерде мемлекет тарапынан әлеуметтік төлем тағайындалады. Егер оның айлықақысы күндердің күнінде көтеріліп кетсе, атаулы әлеуметтік көмек берілмейді. Бұл халықты мейлінше масылдық пиғылдан арылтудың амалы. Осы ретте біз Байзақ ауданындағы мансап орталығы атаулы әлеуметтік көмек көрсету бөлімінің басшысы Бақытжан Мелдебековке хабарласып, бұл бағыттағы жұмыстың қай деңгейде атқарылып жатқанын сұраған едік.

– Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 120-бабы бойынша, атаулы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа кірісі кедейшілік шегінен аспайтын Қазақстан Республикасының азаматтарына, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын қандастарға, босқындарға, шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға беріледі. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 19 мамырдағы «Кедейлік шегінің мөлшерін айқындау туралы» №160 бұйрығына сәйкес, кедейшілік шегі 2023 жылғы 1 шілдеден бастап – мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға жүгінген жылдағы тоқсанының алдындағы тоқсанға есептелген ең төмен күнкөріс деңгейінің 70 пайызын құрайды. Атаулы әлеуметтік көмек шартсыз және шартты түрінде көрсетіледі.