Патернализм басқа адамның мүддесі үшін олардың еркінен тыс немесе олардың келісімінсіз әрекет етуді білдіреді

166

Түркістан облысының тұрғындарының назарына қоғамда патерналистік көңіл күй және әлеуметтік масылдық үрдісі белең алып жатқандығын және ел ішінде әлеуметтік бағдарламаларды әдейі жеке мүддесіне пайдаланатын азаматтар аз емес екендігін түсіндіреміз. Мұндай адамдар кез келген өркениетті елдегі сияқты заңның және бүкіл қоғамның алдында жауап беруі керек

Жалпы әлемде әртүрлі әлеуметтік бағ­дар­ламалар енгізіп, халқын қолдап отырған санаулы-ақ ел бар. Соның бірі – Қазақстан. Ал көптеген мемлекет мұндай «қайырымды» қадамға бара бермейді. Мысалы, Қазақстанда елді демеп жіберудің бірталай тетігі қарас­ты­рылған. Мысалы, тұрғындар құрылыс компаниясына алданып, үйін ала алмай жүрсе, көмекке келетін – мемлекет. Ал Амери­када, Еуропа елдерінде мұндай түсінік жоқ. Құ­ры­лыс компаниясы мен азаматтың ара­сын­дағы жеке келісімге араласпайды. «Бұл – сол адамның өз шешімі, ешкім оған күмәнді құрылысқа ақша салуға итермелеген жоқ» деген көзқараспен қарайды. Бұған халқы да үйренген.

Ал бізде бірден «Үкімет қайда қарап отыр?» деп, өздерінің кінәсін өзгеден іздеп шы­ға келеді. Әлбетте, мемлекеттің әлеумет алдындағы белгілі бір жауапкершілігі болуы керек. Әсіресе, көп балалы отбасыларға, жалғыз бас­ты аналарға, балалар үйлерінің тәрбиелену­ші­леріне, мүгедек бала асырап отырған азамат­тарға Үкімет көмектесуі тиіс. Эконо­ми­калық дағдарыс кезінде азаматтар жұмыс­сыз қалса да мемлекет тарапынан көмек берілуі керек. Бірақ Үкімет жақтан осал топ­тар­­дың еңсесін көтеруге бағытталған аз-кем кө­мегі бола қалса, оны алып қалуға бәрі жан­та­­ласып ұмтылады.

Коронавирус өршіген тұста мемлекет жұмыссыз қалғандарға ең төменгі айлық көрсеткіш есебінде 42500 теңге бергені белгілі. Бұл жәрдемақыны жұмыссыздар ғана емес, жұмыс істеп жүрген аяқ-қолы балғадай жандар да алуға жанталасты. Тіпті кейбіреулер баяғыда сүйегі қурап, өліп қалған туыстардың атынан да өтініш беріп жіберген. Мұны әлеуметтік масылдық демес­ке лажы жоқ. Үкіметтен келген тегін дүние ме, елден қалмай, алып қалу керек! Міне, патерналистік пиғыл деген осы.  Әйтпесе, бұл болмашы ақша қай жыртыққа жамау болсын?!

Сарапшылар әлеуметтік масылдық қо­ғам­­дағы жоқшылық және мұқтаждықпен қатар жүреді деп есептейді. Ауырдың үс­ті­мен, жеңілдің астымен жүріп үйреніп алған адамның өмір салты да соған қарай бейімделеді. Көмек алып, тегін дүниеге үйреніп қалған адамда әрі қарай да ала берсем деген түсінік қалыптасады. Ал бұдан құтылудың жалғыз жолы – сананы жаңарту, ар-намысты ояту. Қазақта тілемсек деген жақсы ұғым емес. Тілемсектене беру, сұраншақ болу – бұл да патерналистік көрініс. Оның артында масылдық, жалқаулық, еріншектік тұрады және бұл ұят нәрсе, намыс­сыздықтың бір түрі. Сондықтан мұн­дай әлеуметтік масылдық санадан аулақ бол­ған жөн. Тепсе, темір үзетін азаматтар нәпақасын тек еңбектеніп тапқаны абзал. Өйт­кені табысқа жетелейтін жалғыз жол – оқу мен еңбек. Алдыға мақсат қойып, еңбек еткен адам ешқандай ұтыссыз-ақ, жетістікке жететіні анық. Ұлы Неру айтқандай, «Кімде-кім батыл қимылдап, еңбек етсе, табыс соның үлесіне көбірек түседі».