МАҚТААРАЛДА 3 МЫҢНАН АСТАМ АДАМ ЖАЛПЫАУДАНДЫҚ СЕНБІЛІККЕ ҚАТЫСТЫ

- «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Мақтаарал ауданында кең ауқымды сенбілік өтті. Табиғатты қорғау мен елді мекендерді абаттандыруды көздеген шараға 3200-ге жуық адам қатысты. Олардың қатарында мемлекеттік және бюджеттік мекемелердің қызметкерлері, ауыл тұрғындары мен белсенді еріктілер болды. Сенбілік жұмыстарына жалпы саны 18 дана арнайы техника тартылды. Нәтижесінде республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автокөлік жолдарының бойында орналасқан 67,8 шақырым аумақ шөптерден арылып, тұрмыстық қалдықтар мен өзге де қоқыстардан тазартылды. Шара барысында 30 тоннаға жуық қатты тұрмыстық қалдықтар жиналып, аудан аумағында орналасқан қоқыс полигонына шығарылды.
Іс-шара барысында экологиялық тазалықпен қатар көгалдандыру шараларына да ерекше көңіл бөлінді. Аудан аумағындағы жасыл желектер мен отырғызылған ағаш көшеттеріне су құю, санитарлық күтім көрсету жұмыстары ұйымдастырылды.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі