Цифрлы Түркістан: Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудің жаңа кезеңі

Бүгінде қала аумағында 1000-ға жуық бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына жолдаған Жолдауларында бірнеше мәрте еліміздің цифрлық трансформацияға бейімділігін арттырудың маңыздылығына тоқталған болатын. Президент атап өткендей, заманауи технологияларды енгізу — тек мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырып қана қоймай, қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудің де басты тетігі. Осыған орай еліміздің барлық өңірлерінде, соның ішінде Түркістан қаласында да «Ақылды қала» тұжырымдамасын жүзеге асыру арқылы қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды жобалар қолға алынып келеді.
Бүгінде қала аумағында 972 бейнебақылау камерасы орнатылып, толықтай жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 496-сы — қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған болса, 476-сында — жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылауға бағытталған автоматтандырылған камералар орнатылған. Бұл құрылғылар жедел басқару орталығына толықтай қосылған.
Жаңа технологияларға негізделген бұл жүйе құқық қорғау органдарының жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, қылмыстың алдын алуға, құқық бұзушылықтарға жедел әрекет етуге, жалпы қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Камералар арқылы тәулік бойы қала көшелеріндегі ахуал бақылауға алынып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында нақты шаралар атқарылып келеді.
Қауіпсіздік инфрақұрылымын жаңғырту мен жетілдіру жұмыстары мұнымен шектелмейді. 2025 жылы Түркістан қаласына қосымша 210 бейнебақылау камерасын орнату көзделген. Оның ішінде 40-ы — бейнеаналитикалық камералар: яғни 20-сы — бет-әлпетті тануға, ал қалған 20-сы — көлік құралдарының нөмірін анықтауға арналған. Бұл құрылғылар қылмыстық оқиғалардың ізін суытпай ашуға, іздеудегі азаматтарды анықтауға, сондай-ақ құқық бұзушыларды жедел анықтап, тиісті шара қолдануға айтарлықтай көмектеседі.
Сонымен қатар, қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында тағы 170 бейнебақылау камерасы орнатылады. Олар қала аумағындағы адам көп шоғырланатын орындарда — саябақтарда, алаңдарда, мектептер мен қоғамдық көліктер маңында орнатылмақ. Бұл құрылғылардың барлығы облыстық Жедел басқару орталығына тікелей қосылып, біртұтас қауіпсіздік жүйесін құрайды.