ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ДІН САЛАСЫ

29

Діни мәселелер қандай заманда болмасын қоғам мен мемлекет үшін аса маңызды, күрделі мәселелердің бірі болып келген. Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңына сәйкес мемлекет дін мен діни бірлестіктерден бөлінген. Дiн мен мемлекеттiң түйiсер жерi – елдiң тұтастығы жəне қоғамның ауызбіршілігі мен тұрақтылығы. Діни бірлестіктер және Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар дінге көзқарасына қарамастан заң алдында тең. Еліміздің аумағында 18 конфессия өкілдері бейбіт өмір сүреді. Ешбiр дiн мемлекеттік немесе міндетті дін ретінде белгіленбейді. Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы заңының 3-бабының 5-тармағында: «Азаматтардың дінге көзқарасына байланысты олардың азаматтық құқықтарының бұзылуына, діни қызметіне заңсыз кедергі келтіруге немесе олардың діни сезімдерін қорлауға, қандай да бір ұстанушылар қадiр тұтатын заттарды, құрылыстар мен орындарды қорлауға жол берілмейді» деп атап көрсетілген. Қазақстан Республикасының азаматтары дiнге деген көзқарастарына тәуелсіз экономикалық, саяси, әлеуметтiк және мәдени өмiрдiң барлық салаларында өзара тең. Азаматтарды дiнге көзқарасына шектеу немесе ұстанатын дініне қарай қандай да бiр артықшылықтар беру, азаматтардың діни сезiмдерiн жәбiрлеу, сондай-ақ, дiндi ұстанушылар қадiр тұтатын заттарды, құрылыстар мен орындарды қорлау Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауапкершiлiкке тартылады. Елімізде дін саласына қатысты басқада шаралар іске асуда.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Дін істері комитетінің ұйымдастыруымен бүкіл ел бойынша түрлі форматтағы іс-шаралар, дәрістер мен кездесулер өткізетін үш мыңға жуық маман ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын атқаруда. Бұл шаралардың барлығы қоғам арасында жастар, діндарлар, жұмыссыздар, сотталғандар, кәсіпкерлер, сауда және қызмет көрсету саласының қызметкерлері және т.б. санаттарына бағытталған. Осындай бас қосуларда азаматтарға еліміздегі конфессияаралық татулық пен келісімді қолдаудың маңыздылығы, деструктивті діни идеологияның қаупі түсіндіріліп, зайырлылық қағидаттарды құрметтеуге баулуда. Осы орайда діни сауаттылық мәселесін арнайы қозғамақпыз. Қазіргі уақытта діни білім алам деушілерге елімізде бірқатар жағдайлар жасалған. Тіпті Нұр – Мүбәрак ислам мәдениеті секілді жоғарғы оқу орны, мешіттердің жанында сауат ашу курстары жұмыс істеуде. Одан бөлек, дінтану, исламтану мамандықтары да еліміздегі бірқатар жоғарғы оқу орындарында гранттық негізде оқытылады. Бакалавр, магистратура, докторантура деңгейінде білім алуға жағдайлар жасалған, Білім және Ғылым министрлігі бұл салаға жыл сайын жеткілікті гранттар бөледі. Отандық дін мамандары мен зерттеушілер: дін бағытында көптеген еңбектер шығаруда. Тіпті шетелде діни білім алам деушілерге де Қазақстан мұсылмандар діни Басқармасымен ортақ әріптестік орнатқан жоғарғы оқу орындары баршылық. Міне, бұлардың барлығы да дін саласына қызыққан жастардың толыққанды білім алуына ыңғайлы орта қалыптастырып отыр. Сондықтан барлық сала секілді дін саласы да білімділік пен біліктілікті қажет етеді. ХХІ ғасырда шалалыққа, шалт басуға орын болмауы тиіс.

Қорыта айтқанда, дін мен мемлекет байланыстары адам құқықтарын, соның ішінде ар-ождан бостандығы мен діни сенім еркіндігін құрметтеу және қорғау аясындағы мемлекет пен діннің өзара ықпалдасуы деуге болады. Демек, біздің қоғамымыз үшін адамның діни сенімі мен құқығын қорғауға және сақтауға жауап беру, дін мен мемлекет қарым-қатынасын нығайтуға оң ықпал ету басты міндет болып табылады.

 

Р.Исматулла