ШЫМКЕНТТЕ КОЛЛЕДЖ ЖАТАҚХАНАЛАРЫНДА ОРЫН ТАПШЫЛЫҒЫ МӘСЕЛЕСІ ЖОҚ

75

Шымкент қаласында 2023-2024 оқу жылының қорытындысы бойынша техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының желісі 38 колледжді құрады. 38 колледжде 47 020 студент білім алды. Оның 23 587-і бюджет шеңберінде мемлекеттік тапсырыс негізінде, 23 433-і ақылы негізде білім алды.

Қазіргі уақытта 2024-2025 оқу жылына еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар даярлау мақсатында 11 500 талапкерді мемлекеттік тапсырыс негізінде қабылдау шаралары жүзеге асырылуда.

Алдағы 2024-2025 оқу жылында жұмыс беруші кәсіпорындардың есебінен 15 жекеменшік колледжде 51 талапкерді қабылдау жүзеге асырылады.

Ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін сұранысқа сәйкес 5 мамандық бойынша 75 орын бөлініп отыр («Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжі» МКҚК, «Энергетика және байланыс колледжі» МКҚК, «Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжі» КММ). Бүгінгі таңда, колледждерге 2024-2025 оқу жылына талапкерлерді қабылдау шаралары жүзеге асырылып, 12 мыңнан астам талапкердің құжаты қабылданды. Қабылдау шарасын жүзеге асыру барысында колледждердің қызметкерлеріне сыбайлас жемқорлықты болдырмау және алдын алу шараларын қатаң сақтау және құқық бұзушылық фактілеріне жол бермеу мәселелері бойынша профилактикалық жиналыс өткізіліп, тиісті хаттама жолданды.

Мемлекет басшысының 2022 жылғы 26 қарашадағы №2 Жарлығына сәйкес студенттердің стипендиясын 2 есе ұлғайту көзделген (2023 жыл-50%, 2024 жыл-100%).

Стипендия мөлшері – 2023 жылы 31 422 тг болса, 2024 жылдан 1 қыркүйектен бастап 41 896, жұмысшы мамандықтарға 43 574 тг.

Сонымен қатар, 22 колледж жатақханасында (7 мемлекеттік, 15 жекеменшік колледж) 2393 студент орналастырылған (жобалық қуаттылығы 2 959 орындық).

Оның ішінде 1 160 орындық 7 мемлекеттік жатақханада 800 студент, 1799 орындық 15 жекеменшік колледждердің жатақханасында 1 593 студент орналастырылған.

Студенттердің негізгі контингенті Шымкент қаласының және көлік инфрақұрылымы дамыған іргелес аудандардың тұрғындары болғандықтан, Шымкент қаласының колледж жатақханаларында орын тапшылығы мәселесі жоқ.