ШЫМКЕНТТЕГІ ЖЫЛЫЖАЙ ШАРУАШЫЛЫҒЫ: ӘЛЕУЕТІ ҚАНДАЙ, ПРОБЛЕМАЛАРЫ ҚАЙСЫ?

63

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту – өте маңызды міндет. …Биыл егіс науқанына екі есе көп қаражат бөлінді. Алайда агроөнеркәсіпке бөлінетін бүкіл ақшаның 70 пайызы – мемлекет қаржысы. Бұл салаға коммерциялық банктердің қаражатын да тарту қажет. Диқандарға өсімі аз несие беру үшін мемлекеттік қаржы институттарын субсидиялау шаралары қолға алынды. Банктерге қатысты осындай тәжірибені қолдану керек. Мұның бәрі шаруаларды айналымға қажетті қаражатпен шұғыл қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлық қатерін азайтуға және несие алуды оңтайландыруға жол ашады. Агроөнеркәсіп кешенін тікелей субсидиялау тәсілінен арзан несие беру тәсіліне біртіндеп көшу – аса маңызды міндет. Бөлінген қаражаттың бәрі тиімді жұмсалуға тиіс» деп аграрлы саланы дамытудың ең маңызды мәселесіне қатысты нақты міндеттерді көрсетіп берді.

Бүгінде Шымкент қаласында ауыл шаруашылығы саласын қолдау тек мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен жүзеге асып жатқан жоқ, сонымен қатар бұл салаға жеке инвесторларды, соның ішінде шетелдік капиталды тарту бойынша да нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Бұған дейін Шымкенттегі «Бозарық» агроиндустриалды аймағынан түрік инвесторы «Alarko Holding» 650 гектарға ең ірі жылыжай кешенін салуды бастағаны жөнінде жазған едік. Мегополисте шетелдік компаниялармен бірлесіп табысты еңбек етіп жатқан шаруашылықтар қазір де бар. Соның бірі – Берік Иляев басқаратын шаруашылық. Ол да жылыжай кешенінде көкөніс өсірумен айналысады.
Фермердің айтуынша, диқаншылық кәсіпті алғаш рет 2009 жылы Түркістан облысының Сарыағаш ауданында бастаған. Ол кезде жылыжайдың аумағы 10 гектар ғана болған. Кейін түрік инвесторларымен бірлесіп, Шымқаладан өндірістік жылыжай кешенін тұрғызған. Оның құрылысы 2018 жылы аяқталады. Бұл агроөнеркәсіптік нысанды салуға Б.Иляев өз қаражаты есебінен 2 млн. АҚШ доллары көлемінде қаржы жұмсапты. Сол кезде жылыжайды заманауи қондырғылармен жабдықтағанда Үкіметтен инвестициялық субсидия алған. Бұл қаражат жылыжай кешеніне жоғары технологиялы қондырғыларды орнатуға кеткен шығындардың белгілі бір бөлігін өтеу үшін төленеді. Былтыр шаруашылық қайтадан гектарлы субсидия бойынша қаржылай көмек алды. Фермер бұл жерде жұмыс жыл он екі ай тоқтаусыз жүретінін айтады. Қызанақ пен қиярдың голландық сорттарын егеді екен. Сондай-ақ, шаруа сөз арасында жылыжайды жылыту үшін қолданатын отын – газ бен көмірдің бағасы қымбаттағанын айтып қалды. Дегенмен фермер отынға кеткен шығын гектарлы субсидия арқылы жабылатын болса, шаруашылық көп зиян шекпеуі тиіс деген сенім білдіріп отыр.
Егер жылыжайда өндірілген өнім табиғи таза, дәмді болатын болса, оны нарыққа өткізуден ешқандай проблема болмайды. Жергілікті базардың өзіне апарса да саудагерлер таңдамай алып қояды деді ол.
Кәсіпкердің мәлімдеуінше, Шымкент қаласы әкімдігі мемлекет тарапынан ұсынылатын көмектің бәрін көрсетуін көрсетіп отыр. Соның ішінде гектарлы субсидиялау бойынша төлем тұрақты жалғасатын болса, келешекте қазіргі жылыжайын тағы да кеңейтпек ниетте. Оны кешен жанындағы қосымша жерді айналымға қосу арқылы іске асыратынын жеткізді. Фермердің пікірінше, қазіргі таңда шаруалардың бір-ақ проблемасы бар көрінеді. Ол көмір мен газдың, яғни, отын бағасының қымбаттығы. Басқа жағынан мемлекет жан-жақты қолдау көрсетіп отырғанын мәлімдеді. Кәсіпкер фермер атанбас бұрын алғашқы кездері ауыл шаруашылығы өнімдерін саудалаумен айналысатын болған. Кейін келе қаржы жинап бастапқы капиталына Сарыағаш ауданынан жылыжай салған. Осылайша табысын еселеп, қарапайым жылыжайын ірі өндірістік кешенге айналдырды. Бүгінде ол мегаполистегі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін ірі агрофирма иесінің бірі болып отыр.
Жылыжай шаруашылығы өңірлік қауымдастығының басшысы Мырзахмет Сынабаевтың айтуынша, Қазақстанның ішкі нарығына Ресей мен Қытайдан қияр, Иран, Түркіменстан, Өзбекстаннан негізінен қызанақтар кіреді. Бұл ішкі нарықта осы өнімдерге сұраныс өте жоғары деген мағынаны білдіреді. Дегенмен, жергілікті шаруалар өндірген өнімдер Ресейге экспортталып жатқан жоқ екен. Себебі, өзімізден артылмай жатқан көрінеді.
«Бүгінгі таңда жылыжай шаруашылығында тағы бір проблема шығып тұр. Бұрын Шымкент бөлінбей тұрғанда 19-шы кадастрлық нөмірде болатын. Кейін өз алдына мегаполис болған соң кадастрлық номер 22-ге ауысты. Шымкенттегі жылыжайдың барлығы шаһар облыс орталығы болып тұрғанда салынған. Кезінде сол жылыжай иелері мемлекеттік актіні ескі кадастрлық номер бойынша кепілге қойып, ол сол күйінше қалып кеткен. Ал, мемлекет gosagro.kz деген бірыңғай сайтқа Шымкенттің кадастрлық номерін 22 деп көрсеткен. Енді шаруалар мемлекеттік актінің ескі кадастрлық номерімен не субсидияны не басқа да жеңілдіктерді ала алмай отыр. Мегаполис фермерлері осыдан қазір қатты қиналып отырған жағдайлары бар. Мұны тез арада үкімет деңгейінде шешпесе болмайды. Кадастрлық номерді 22-ге ауыстыру үшін алдымен кепілден құжатты босату керек. Жер комитетіне, кадастрлық мекемеге арыз жазу қажет. Заңгерлер жүгіретін жұмыс болайын деп тұр. Соның өзінде бұл іс 3 айсыз бітпейді екен. Біздің ұсынатын ұсынысымыз кадастрлық номерді ауыстырудың амалын тезірек жасау керек немесе мұндай құжатты мүлде алып тастаған жөн. Жылыжай шынымен орнында тұр ма, тұр. Ендеше оған дәлел іздеп кадастрлық номермен тексерудің не қажеттілігі туындады. Енді осы мәселені жылдам шешіп алу керек болып тұр» деді қауымдастық басшысы М.Сынабаев.
Сондай-ақ, ол еліміздің ішкі нарығы сырттан келетін импорттық өнімдерден қорғалмағанын айтып, сынады. Сөйтіп жоғарыда сөз болған Ресейден, Түркіменстан мен Қытайдан келетін өнімдерді мысалға келтірді.
Осыдан бес-алты жыл бұрын ресейлік инвесторлар да Түркістан облысы Сарыағаш ауданынан 500-600 гектар жерге жылыжай салып, экологиялық таза өнім өндіреміз деп құрылыстың капсуласын салған екен. Алайда ол кешен құрылысы ұзаққа созылып кеткен. Сол секілді мұнда да ескі жағдай қайталанбаса екен деп тілеп, бәрі де инвестордың уәдеге беріктігіне байланысты екенін атап өтті. Дей тұрғанмен сарапшы мегаполиске ауыл шаруашылығы бағытындағы өндіріс орындарының көп салынғаны халықты тұрақты жұмыспен қамтуға, сондай-ақ бағаны ауыздықтауға жақсы әсер ететінін жеткізді. Ендігі жерде қауымдастық төрағасының пікірінше, жылыжай шаруашылығындағы жалғыз туындап тұрған проблема ол әлгіндей кадастрлық номерге байланысты бюрократиялық кедергілер. Оның мәселесі шешілсе, шаруалар мемлекет ұсынған субсидиясы бар, басқасы бар барлық жеңілдіктерге қол жеткізеді деген үмітте.
Шымкенттегі түрік инвесторлары агро кешен жанынан мамандар даярлайтын орталық ашады деген ақпарат тараған болатын. Сонда отандық оқу орындары тиісті маман дайындай алмай жатыр ма деген сұрақ туындайды. Сондай-ақ осы күнде барлық жылыжай шетелдік тұқымдарды қолданады. Отандық тұқым деген бізде мүлде жоқ па деген екінші бір сауал да ойды мазалай түсті. Мегаполистегі М.Әуезов атындағы ОҚУ-дің агросала бойынша ғалымы Жеңісбек Әбдіраимовтан осы жөнінде пікір сұрап көрген едік.
«Қазақстанда агроном мамандар аз дайындалады.
М.Әуезов атындағы ОҚУ-ды жылына 10-15 студент агроном мамандығы бойынша бітіріп шығады. Олар сұраныс болмаған соң көпшілігі басқа салаға кетіп қалады. Отандық тұқымды қолданбаудың себебі, бізде селекция нашар дамыған. Бір сұрыпты шығару үшін 10-12 жыл уақыт кетеді. Үкімет тарапынан селекционерлерге 3 жыл ғана көмек беріледі. Әрі қарай оларды жеке инвесторлар қаржыландырғысы келмейді. Өйткені, ертеңгі күні ол жоба өзін ақтамай қала ма деген күдік басым болып тұрады кәсіпкерлерде. Қолдау болмаған соң селекциялық жұмысқа жастар бармайды. Қазір селекционер ғалымдар да қалмаған. Бұрынғы мамандар қартайып, көбісі өмірден өтіп кетті. Шетелде керісінше селекциялық ғылымға өте қатты көңіл бөлінеді. Мәселен Аустралияда бір жылда жаңа бір сұрып шығарады. Осылай 5-6 жаңа селекциялық түрлерін шығарып, ішінен ең жақсысын таңдап алады. Олардың ғалымдарына Үкімет тарапынан өте көп мөлшерде қаржылай көмек беріледі екен. Соның нәтижесінде бидайдан 1 гектарына 170 центнерден өнім алып отыр. Еуропада 1 гектар бидайдан 130 центнер, АҚШ-та 150 центнер өнім алынады. Ал, Қазақстанда 1 гектар бидай алқабы 10-20 центнер ғана өнім береді. Елдің диқандары кеңес дәуірінен пайдаланатын Стекловидная-24 отандық сұрпының максималды өнімділігі бар-жоғы 32 центнерді құрайды. Сондықтан отандық селекция ғылымын көтеретін уақыт келді» деді ғалым.

«Шымкент келбеті»