Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру маңызды

18

Түркістан қаласының тұрғындарының назарына сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу, оның тәуекелдерін жою және сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы дамыту бағытында елімізде атқарылып жатқан түрлі шаралар туралы мәләметтерді ұсынамыз. Қоғамда тамырын тереңге жайып, өкінішке қарай, көптеген тың бастамаларға тұсау болып, әр отбасының әл-ауқатына, мемлекеттің экономикалық-әлеуметтік дамуына, кез келген салада жетістікке жету жолындағы ең үлкен кедергіге айналып, кері әсерін тигізетін мәселенің бірі – сыбайлас жемқорлық. Яғни, бұл – қоғам дерті. Аталған қылмыс түріне бару – болашаққа балта шауып, Отанға опасыздық жасаумен тең. Өйткені жең ұшымен жалғасқан жемқорлық бар жерде ұлттық қауіпсіздікке де үлкен қатер төніп тұрары сөзсіз. Сондықтан Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі – осы індетпен халық болып күресу. Жемқорлық сынды жымысқы әрекетке бару ең алдымен адами фактор, яғни әр азаматтың таным-түсінігіне, рухани кемелділігі мен ой-өрісі, сана-сезіміне тікелей байланысты болғандықтан жемқорлықпен күресте негізгі тетік – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін қалыптастыру екені анық. Бұл – дамыған елдердің тәжірибесінде оң бағаланған, нәтижелі әдістің бірі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыра отырып, қоғамдық сананың өзгеруіне түрткі боламыз. Қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана адамгершілік және адамгершілікке жат қылықты, заңды және заңсыздықтың шегін көрсетіп береді. Ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлықты қамтамасыз ету үшін моральдық-адамгершілік, идеологиялық, құқықтық шараларды талап етеді. Жоғарыда айтылғандай, сыбайлас жемқорлық – қоғамның дерті. Ал қоғамды құрушы – адамдар, яғни біздің әрқайсымыз. Демек, бұл дертпен күресуде әрқайсымыздың рөліміз, әрқайсымыздың әрекетіміз маңызды. Моральдық-адамгершілік, этикалық мәдениетті тәрбиелеп, құқықтық сауаттылық негіздерін, мүдделер қақтығысының барлық көріністеріне төзбеушілікті, өскелең ұрпақтың жастайынан құқықтық санасы мен мәдениетін қалыптастыру, отансүйгіштік бағыттағы құндылықтар негізінде тәрбиелеу абзал. Сондықтан жемқорлыққа қарсы белсенді азаматтық позиция әрбірімізде болуы керек. Мұның бәрі елімізде құқықтық мемлекеттің іс жүзінде орнауына, заңның үстемдігіне, әр адамның қауіпсіз өмір сүруіне, қоғамдық тәртіптің нығаюына, әлеуметтік ахуалдың жақсаруына, ең бастысы ұлттың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және тұрақты дамуға жол ашады. Әрине, бұл жерде ашықтық пен жариялықтың да орны маңызды.

Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» туралы Заңында «Сыбайлас жемқорлық – жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың, мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестiрiлген адамдардың, лауазымды адамдардың өздерінің лауазымдық (қызметтік) өкiлеттiктерін және соған байланысты мүмкiндiктерiн жеке өзi немесе делдалдар арқылы жеке өзіне не үшінші тұлғаларға мүлiктiк (мүліктік емес) игiлiктер мен артықшылықтар алу немесе табу мақсатында заңсыз пайдалануы, сол сияқты игiлiктер мен артықшылықтарды беру арқылы осы адамдарды параға сатып алу» деген ақпарат берілген. Осы орайда мемлекеттік көрсетілетін қызметтер алуда мемлекеттік қызметшілер мен жеке және заңды тұлғалардың тікелей байланысын азайту мақсатында соңғы жылдары электронды қызмет көрсету форматы кеңінен өріс алды. «Ашық әкімдік», «Адалдық алаңы» сынды жобалардың да көздегені – сыбайлас жемқорлықтың тәуекелдерін жойып, халыққа адал қызмет көрсету. Электронды мемлекеттік қызмет форматы арқылы халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапалы, тиімді, әрі қолжетімді болды. Ғаламтор жүйесі арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызмет сыбайлас жемқорлық бағытындағы заң бұзушылықтардың көлемін біршама азайтатынын тәжірибе көрсетіп отыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Сыбайлас жемқорлық дегеніміз – үлкен мөлшерде енетін ауру және одан емделіп шығу ұзаққа созылады. Оған қарсы күшті дәрі қолданбаса, жемқорлықтан арылу мүмкін емес. Сондықтан біз барлық қажетті шараларды жалғастырамыз!» демекші, қоғамдағы осынау орасан күшке ие жемқорлықпен күрес дамылсыз жалғаса бермек. Оны жеңу сіз бен бізге ғана байланысты екенін естен шығармайық!

Жалпы алғанда, қабылданған кешенді шаралар нәтижесінде сыбайлас жемқорлық көрністерінің азаюы байқалады. Сыбайлас жемқорлықтың жиі бой көрсететін, ең қауіпті түрі-парақорлық. Бірінші кезекте пара берудің себептерін, пара алудың жағдайларын түп-тамырын жою үшін қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет. Яғни пара беру де, пара алу да пайдалы болмайтындай, үлкен қылмыс ретінде саналатындай жағдай, қоғамдық сана қалыптасуы қажет. Парақорлық мемлекеттік аппараттың қалыпты қызмет етуіне бөгет болып, билік және басқару органдарының беделіне нұқсан келтіреді, заңдылық қағидаларын жоққа шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделеріне қысымшылық жасайды. Парақорлықтың алдын алу, жолын кесу, ашу және тергеу жұмыстары жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді. Бүгінгі таңда әлеуметтік аурудың алдын алу және әшкерелеу үрдісі жылдан жылға өсе түсуде. Парақорлықпен елімізде көбіне-көп қолында билігі бар, шешім шығаруға, бөліп бергізуге өкілеті жететін қызметкерлерінің айналысып отырғанын көресетіп берді. Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңын сәйкес сыбайлас жемқорлықпен күресті барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар жүргізуі тиіс. Мемлекеттік органдардың, ұжымдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының басшылары өз өкілеттігінің шегінде өздерінің кадр, бақылау, заңгерлік және өзге де қызметтерін тарта отырып, заң талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге міндетті деп көрестілген. Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыстар және осы тұрғыдағы құқық бұзушылықтармен айналысуының негізгі себептері мыналар болып табылады: -мемлекеттік қызметшілердің құқықтық білім дәрежесінің төмен болуы; -құқық бұзушылыққа немқұрайды қарайтын, қызметтік тәртібі төмен кейбір мемлекеттік органдар; -кейбір мемлекеттік қызметшілердің мемлекет мүддесін емес, өзінің жеке басының жайын күйттеуі; -кейбір мемлекеттік орган басшыларының сыбайлас жемқорлық қылмысқа қарсы заң талаптарын орындау жөніндегі жұмысының мардымсыздығы; Әрине, сыбайлас жемқорлық сылып тастайтын сыртқы жара емес, бұл тамырын тереңге жайған, өзге сау органдарын шырмап, тыныс-тіршілігін тарылтатын, сөйтіп олардың толыққанды қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті кесел. Оны емдемес бұрын аурудың пайда болу, даму, таралу жолдарын біліп, дерттің қозуына қолайлы жағдай тууына жол бермеу керек. Ол үшін бұл ауруға қоғам болып қарсы тұруымыз қажет. Яғни бұқара көпшілік тарапынан сыбайлас жемқорлық көрністеріне қолдан келгенше тосқауыл қойылып, қолында билігі бар азаматтар осы жолда өзгелерге үлгі болуы тиіс. Сонда ғана халық сенімінің үддесінен шығатынымыз сөзсіз. Сыбайлас жемқорлық қылмыстардың белгісімен іс қозғаудың бір негізі-азаматтардың арызы. Әрбір азамат өзінің конституциялық құқығын қорғауға міндетті, Қандай да болмасын «қолы да, жолы да ұзын» адамдар азаматтардың құқығын таптап, заңсыз әрекеттерге баратын болса, әділдікті орнатушы құқық қорғау органдары.