ОРДАБАСЫДА ЖАСТАР ҚОҚЫСТАРДЫ СҰРЫПТАУҒА АРНАЛҒАН ЖӘШІКТЕР ОРНАЛАСТЫРДЫ

68

Ордабасы ауданының жастары бүгінде көптеген игі істің басы-қасында жүр. Соның жалғасы ретінде белсенді жастар тағы бір істі қолға алды. Олар енді өңірдің тазалығын ойлап, аудан тұрғындары арасында эколологиялық мәдениетті қалыптастыруға атсалыспақ. Олар ауданда алғаш болып қоқыстарды сұрыптауға арналған жәшіктер орналастырды.

«Эко Ордабасы» қозғалысының қатысушылары халық көп шоғырланған көше бойы мен «Самұрық» аллеясына темір металлдан жасалған түрлі-түсті пластик, қағаз және шыны қалдықтарын сұрыптап тастайтын контейнерлер орналастырды. Бұл жоба Түркістан облысының «Азаматтық альянсы» заңды тұлғалардың қауымдастық нысанындағы бірлестігінің қолдауымен жүзеге асты.

Ордабасы аудандық жастар ресурстық орталығы басшысы Әсел Баймаханованың айтуынша, алдағы уақытта қоршағын ортаның тазалығына деген қатысты жұмыстар өз жалғасын табады. «Мұндағы мақсатымыз –өңдеуге жататын қалдықтарға екінші өмір беру және көпшілік арасында қоқыс тастау мәдениетін қалыптастыру. Мұндай жаңашылдық ауыл тұрғындардың көңілінен шығып отыр. Тұрғындар сұрыптауға деген қызығушылық білдіріп, қоқыстарды жәшіктерге сұрыптап тастауда. Қоршаған ортаны қорғау әрбіріміздің міндетіміз» деген аудан жастарының көшбасшысы ауыл тұрғындарын өз аулаларын таза ұстап, ретке келтіруге, сонымен қатар айналасын абаттандырып қоюды күнделікті дағдыға айналдыруға шақырды.