КЕНТАУДА БИЫЛ 32 ШАҚЫРЫМ ЖОЛДЫ ЖӨНДЕУ ЖОСПАРЛАНУДА
Түркістан облысы, Кентау қаласында биыл 32 шақырым жол жөнделеді. Атап айтсақ, қалада 13,8 шақырымды құрайтын 20 көшенің құрылысы және 3 көпқабатты үй ауласына орташа жөндеу жұмысы жоспарланса, Қарнақ және Байылдыр ауылында 18,2 шақырым құрайтын 27 көшеге орташа жөндеу жұмысын жүргізу жоспарланып отыр.
Кентау қаласындағы Д.Қонаев даңғылын Халықаралық әуежайға баратын айналма жолға қосу мақсатында қайта жаңарту жобасына ЖСҚ әзірленді. Жолдың ұзындығы 2,26 шақырым болса, жалпы ені 16 метрге жетеді. Республикалық бюджеттен қаржы қаралған жағдайда құрылыс жұмыстары басталады.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 2024 жылы қаладағы орталық көшелерінің жол бөлу сызбаларын жүргізу, сондай-ақ 5000 шаршы метрді құрайтын автомобиль жолдарына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Кентау қаласындағы жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2024 жылға 380 дана жол белгілерін орнату көзделуде. Қала бойынша жол белгілері ескіріп, жаңадан асфальт төселген көшелерде мүлдем жол белгілері болмағандықтан, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол белгісін орнатуға аса көңіл бөлінуде.