«АСАР» КЛИНИКАЛЫҚ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫ: ҚЫЗМЕТ САПАСЫ ЖАҚСАРЫП, МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ ТҮРІ АРТУДА

27

Қаламыздағы «Асар» клиникалық балалар ауруханасы — жедел және жоспарлы түрде 18 жасқа дейінгі балаларға медициналық көмек көрсететін жалғыз мекеме.

2024 жылы желтоқсан айында Қалалық балалар клиникалық ауруханасы Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігінің «Беделді балалар ауруханасы» атағына ие болды. Бұл мәртебе – мекеменің білікті мамандарының, заманауи технологиялық базасының және пациенттерге жоғары деңгейде көрсетілген медициналық көмектің нәтижесі.

Былтыр аурухана қызметі жаңа деңгейге көтерілді. Оның себебі, педиатриялық көмек бір жерге шоғырландырылды. Нәтижесінде барлық бейінді мамандардың қатысуымен сапалы қызмет көрсету мүмкіндігі артты. Сонымен бірге госпитальді фармация бөлімшесі мен пневматикалық пошта жүйесі іске қосылды. Бұл дәрі-дәрмек жеткізуді орталықтандырып, емдеу процесінің жылдамдығы мен тиімділігін арттырып, қазіргі таңда өз жемісін беруде.

– Шымкент қалалық балалар ауруханасы тәулігіне 500-550 науқасқа жедел медициналық көмек көрсетіп, 450-495 науқасқа стационарлық ем жасайтын орталық. Балалар ауруханасында барлық педиатриялық көмек орталықтандырылып, амбулаторлы келген науқастарға консультативті диагностикалық көмек көрсету жолға қойылған- дейді, аурухананың бас дәрігері Динара Жұмаділова.

Бүгінде аурухананың консультативті – диагностикалық емханасында барлығы 22 маман – дәрігер кеңес береді. Өткен жылы емхана арқылы кеңес алған пациенттер саны 23 868 құрайды. Әсіресе, бір жасқа дейінгі балалардың аурушаңдығына басымдылық беріліп, «ерте жастағы балалар пульмонологиясы» бөлімшесі ашылды. Алдағы уақытта «Күрделі соматика» бөлімшесін де ашу жоспарлануда.

Қазіргі таңда аурухананың материальдық – техникалық базасы 94,6 пайызға өсіп отыр. Заманауи стандартқа сай кардиохирургиялық ота залы және кардиореанимация палаталары толыққанды жабдықталған. Нақтырақ айтсақ, ангиографты қолдана отырып 25 күрделі жүрек ақауларына окклюдер қою және басқа да операциялар жасалған. Ал нейрохирургиялық қондырғысын қолдану арқылы бас –ми, жұлын жүйесіне 160, оның ішінде «Эпилепсияның фармакологиялық төзімді түрі» диагнозы қойылған 4 баланың жұлына «Имплантация постоянного пульсгенератора VNS» отасы жасалынды. 4К бейне жүйесі бар педиатриядағы лапароскопиялық аппаратымен 390 ота жасалған.

– Қазіргі уақытта заманауи жабдықтың көмегімен балалардың церебральді сал ауруы, орталық жүйке жүйесінің туа біткен ақаулары, ісіктер, гематомалар, ми тамырларының тромбозы сияқты күрделі операциялар жүргізіліп келеді. Эпилепсияға шалдыққан ауруларға дәрі әсер етпей қалады. Осындай эпилепсияға шалдыққан 1-5 жас аралығындағы бүлдіршіндерге кезбе нервінің қозуын төмендететін нейростимулятор орнату отасы жасалынып жүр. 2024 жылы 4 науқасқа осы ота жасалды, – дейді Динара Жұмаділова.

Өткен жылы аурухананың 12 дәрігері шет мемлекетте білімін жетілдіріп келген.