ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЗАҢСЫЗ ЖАНАР-ЖАҒАРМАЙ ТАСЫМАЛЫНА ТОСҚАУЫЛ ҚОЮ ШАРАЛАРЫ КҮШЕЙТІЛДІ

39

Түркістан облысында мұнай өнімдерінің заңсыз тасымалына қарсы күрес күшейтілді. Облыс аумағында жүргізілген рейдтік іс-шаралар барысында 2024 жылдың өзінде мұнай өнімдерін заңсыз тасымалдаудың 567 фактісі анықталып, 32 370 литр дизель отыны мен 6008 литр бензин тәркіленді. Мемлекетке келтірілген шығынды өтеу мақсатында 46 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

Аталған жұмыстар Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары Роман Склярдың тапсырмасы негізінде жүзеге асырылып отыр.

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Әбдізақованың айтуынша, Түркістан облысының әкімдігі жанынан құрылған арнайы жұмысшы топ көлеңкелі нарыққа тосқауыл қою мақсатында жүйелі түрде тексеру жүргізуде. Оның құрамына кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, полиция департаменті, мемлекеттік кірістер департаменті, қаржы мониторингі агенттігі, көлік инспекциясы, табиғи монополияларды реттеу комитеті және жергілікті атқарушы органдар кіреді.

Басты мақсат – мұнай өнімдерінің жасанды тапшылығын болдырмау, алыпсатарлыққа жол бермеу және заңсыз тасымалдың алдын алу.

Қазіргі таңда Түркістан облысында 380 жанармай құю бекеті және 9 мұнай базасы заңды негізде жұмыс істеп тұр. АИ-92, АИ-95 және дизель отыны еркін сатылуда, және өңірде мұнай өнімдеріне тапшылық тіркелген жоқ.

Түркістан облысының әкімдігі заңсыз жанар-жағармай тасымалын болдырмау мақсатында бақылауды күшейтіп, тиісті шараларды жалғастыра беретін болады.