ТҮЛКІБАС АУДАНЫ: АУДАН БАСШЫСЫ ВЕТЕРИНАРЛЫҚ ҚЫЗМЕТ МЕКЕМЕСІНДЕ БОЛДЫ

25

Аудан әкімі Аскар Естібаев жауапты орынбасарымен бірге облыстық «Ветеринарлық қызмет» мекемесінің аудандық филиалында болып, жұмысымен танысты.

Жалпы аталған мекеменің орталығында 9 маман, ал ауылдық округтерде мал санына байланысты 72 маман қызмет етеді.

Аудан басшысы мекемені аралау барысында ондағы мамандардың жұмысын бағамдап, техникалық базасымен танысып, істен шығып тұрған техникаларды ретке келтіру бойынша ескерту жасады.

Сонымен қоса, бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселенің бірі қаңғыбас иттерді аулауға тікелей жауапты мекеменің басшысына халықтан түскен өтінішке тез арада әрекет жасау керектігін атап өтті.

Бұдан соң, аудан әкімі Республикалық ветеринарлық зертханасының аудандық филиалына арнайы ат басын бұрып, мекеменің жұмысын бақылады.

Мал ауруын қан сынамасы арқылы анықтайтын мекемеде 10 адам жұмыс атқарады. Оның 5-і мамандар болса, қалғаны техникалық қызметкерлер.

Мекемені толық аралап, жұмысымен танысқан аудан басшысы сыртындағы ретсіз өсіп кеткен ағаштарды реттеу бойынша ескертулер жасап, ретке келтіру бойынша әкімдікке қарасты арнайы мекеменің мамандары мен техникасын жолдайтындығын жеткізді.

Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі