САУРАН АУДАНЫ: АУДАНҒА ЖАҢА БАС ИМАМ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

20

Сауран ауданы әкімдігінің мәжіліс залында Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының (ҚМДБ) Түркістан облысы бойынша өкіл имамы Ержан Төлеповтің қатысуымен жиын өтіп, ауданның жаңа бас имамы Полатов Еркін Тұрғынұлы ресми түрде таныстырылды.

Кездесуде Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров бүгінге дейін ауданның бас имамы қызметін абыроймен атқарған Бауыржан Акауовқа ризашылығын білдіріп, оның дін саласындағы еңбегін жоғары бағалап, Алғыс хат табыстады. Сонымен қатар, облыстық өкіл имам Ержан Төлеповке Сауранның тарихы жайлы естелік кітап сыйға тартылды.

Жиын барысында ҚМДБ-ның Түркістан облысы бойынша өкіл имамы Ержан Сматұлы өңірдегі діни ахуал туралы кеңінен баяндап, атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі таңда Түркістан облысында 768 мешіт тіркелген, онда 1200-ден астам дін қызметкері жұмыс атқаруда. Сондай-ақ, өкіл имам аудан көлеміндегі мешіттердің құжаттарын заңдастыру мәселесіне назар аудару қажеттігін атап өтті. Бұл жұмыс діни мекемелердің құқықтық тұрғыдан дұрыс қызмет атқаруына ықпал ететіні айтылды.

Сауран ауданының әкімі Мақсат Асылбекұлы дін саласына қатысты барлық бастамаларға қолдау білдіретінін жеткізіп, жергілікті мешіттердің тыныс-тіршілігін жақсартуға барынша көмек көрсетілетінін айтты. Жиын соңында аудандық мешіттердің алдағы жоспарлары мен даму бағыттары талқыланып, жаңа имамның қызметіне сәттілік тіледі.

Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі