МИНИСТР НҰРЖАН НҰРЖІГІТОВ ОТЫРАР АУДАНЫНДА БОЛДЫ
ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Түркістан облысына жұмыс сапары барысында Отырар ауданына арнайы келіп, «Алтын Дала Мақта» мақта өндеу зауытының жұмысымен танысты.
Шетелдік инвестормен кездесіп, жоспарларын тыңдады. Инвестор Түркістан облысында мақта өсіру және мақта-тоқыма кластерін құру бағытында бірқатар жобаны жүзеге асыруға ниетті. Ол 47,6 млрд.теңгеге су үнемдеу технологиялары арқылы мақта дақылын өсіру жобасын қолға алып, 750-ге жуық жаңа жұмыс орнын ашуды көздеп отыр.
Сонымен қатар Отырар ауданында 3 зауыттың құрылысы басталды. Нақтырақ айтқанда, 2 мақта өңдеу зауыты және тамшылатып суару жүйесін шығаратын кәсіпорын салынады.
Аралау барысында облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, «Қазсушар» РМК Түркістан филиалының директоры Қазыбек Бедебаев су нысандарында атқарылып жатқан жұмыстар мен жоспарларды баяндады.
Өңірде атқарылып жатқан жұмыстармен танысқан Нұржан Нұржігітов аудан әкімі мен жауапты сала басшыларына жұмыс қарқын бәсеңдетпеуді тапсырып, нақты міндеттер жүктеді.