САУРАН АУДАНЫНДА ЖАҢА ЖОБАЛАРДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ МАҚСАТЫНДА МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

32

Сауран ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін жаңа жобаларды іске асыру мақсатында маңызды келісім жасалды. Аудан әкімдігінде өткен жиында аудан әкімінің орынбасары Серік Сәдібаев пен жоба бастамашылары өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл келісім аясында кәсіпкерлік субъектілері өз жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік алып, өңір экономикасына елеулі үлес қоспақ.

Жиынға аудан әкімі Мақсат Таңғатаров пен тиісті бөлім басшылары қатысып, жобалардың маңыздылығын атап өтті. Мемлекеттік қолдаудың арқасында жаңа нысандар іске қосылып, жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындары ашылмақ.

Жүзеге асырылатын жобалар

  1. ЖК “Кульжан” – жол бойындағы қызмет көрсету орталығы

Бұл жоба Ескі Сауран қалашығының қиылысында орналасады. Кешен құрамына тамақтану орны мен техникалық жөндеу орталығы (СТО) кіреді. Бір мезетте 100 адамға қызмет көрсете алатын қоғамдық тамақтану орны ашылады. Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Жоба басшысы – Амиров Талғат Базарбаевич. Құрылыс жұмыстары биылғы сәуір айында басталады.

  1. ЖК “YERMET” – жұмсақ жиһаз өндіру жобасы

Қарашық ауылдық округінің өндірістік аумағында орналасқан бұл жобаның қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Кәсіпорын жұмсақ жиһаз өндірісімен айналысып, отандық нарыққа сапалы өнім ұсынуды мақсат етуде. Іске қосылғаннан кейін 80 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

  1. ЖК “Sultan Stroi” – құрылыс материалдарын сақтайтын қойма

Бұл қойма Оранғай ауылдық округінде салынып жатыр. Қазіргі таңда ангар құрылысы жүріп жатыр. 14 адамды жұмыспен қамтитын қойма құрылыс саласындағы кәсіпорындарға сапалы қызмет көрсетуді көздейді.

Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі