ӨНЕРКӘСІПТІК ЖЫЛЫЖАЙ КЕШЕНІНДЕ ӨНІМ ЖИНАУ НАУҚАНЫ БАСТАЛДЫ

29

Еліміздің ауыл шаруашылығы саласында маңызды нысандардың бірі – «IGM Corporation» ЖШС өнеркәсіптік жылыжай кешені өндірістік әлеуетін жыл сайын арттырып келеді. Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы, Базарқақпа елді мекенінде орналасқан бұл заманауи өндіріс кешені 2022 жылы іске қосылған болатын. Бүгінде жылына 1000 тоннаға дейін қияр мен қызанақ өндіріп, ішкі нарықты сапалы өнімдермен қамтып отыр.

Кешеннің басты мақсаты – халықты сапалы, экологиялық таза өніммен қамтамасыз ету және өңірдегі ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту. Жылыжай кешені заманауи технологиялармен жабдықталған, өсімдіктерді күту мен өнімділікті арттыруда жоғары стандарттар қолданылады. Мұнда 40 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, бұл жергілікті тұрғындар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

Ішкі нарықты жоғары сапалы көкөніспен қамтамасыз ететін өндірісте өнім жинау науқаны басталды. Өнімдер негізінен, ішкі нарыққа жөнелтіледі. Жеке кәсіпкерлер алдағы уақытта өндірісті кеңейтіп, жаңа технологияларды енгізу арқылы өнім көлемін арттыруды қолға алмақ.

Сондай-ақ, қияр мен қызанақтың түрлерін көбейтіп, жаңа нарықтарға шығу да жоспарда тұр.