ТҮРКІСТАНДЫҚ АЙЖАН ЖЫЛҚЫБАЕВА ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ

Үндістан елінің Дели қаласында қазақ күресінен ересектер арасында әлем чемпионаты өтті. Жаһандық додаға әлемнің түкпір-түкпірінен мықты деген балуандар жиналып, боз кілем төрінде күш сынасып, бас жүлдеге таласты.
Айтулы күрес бәсекесінде Қазақстан ұлттық құрамасы сапында ел намысын қорғаған түркістандық балуан қыз Айжан Жылқыбаева 48 келіде барлық қарсыласының жауырынын жерге тигізіп, әлем чемпионы атанды. Айта кетейік, Айжан Түркістан облысында қазақ күресінен тұңғыш әлем чемпионы атанып, тарихта өз атын алтын әріппен қалдырды. Жеңімпаз жерлесіміздің жаттықтырушысы – Қайрат Пазылбеков.
Айжан Жылқыбаева – Түркістан облыстық олимпиадалық емес және ұлттық спорт түрлері бойынша жоғары спорт шеберлігі мектебінің шәкірті.