Мыңдаған жүректің үні: Шымкент Мемлекеттік рәміздер күнін елдік рухпен атап өтті

Шымкент қаласындағы ең биік Ту тұғырында мыңдаған жүрек бір ырғақта соғып, Мемлекеттік гимн әуеледі. Сағат 11:00-де қала аспанын шарлаған осы ерекше сәт елдің бірлігі мен патриоттық рухының символына айналды. Бұл кең ауқымды акция Мемлекеттік рәміздер күнінің басты оқиғасына айналып, шын мәнінде біріктіруші шара болды.
Алаңға қаланың түкпір-түкпірінен ақсақалдар, студенттер, мәслихат депутаттары, әртістер, ұстаздар, балаларымен келген аналар жиналды. Мыңдаған дауыс бір арнаға тоғысып, бұл хорда құрмет, мақтаныш және Отанға деген сүйіспеншілік сезілді.
Гимн орындалмас бұрын алаңда мерекелік шеру өтті. Көк байрақтың жүздеген үлкен және шағын нұсқалары желбіреп, алаңды рухқа бөлеп өтті. Артынша кенет тыныштық орнап, сол сәтте жүректер үндескендей, Гимн шырқалды.
Мерекелік шаралар сағат 16:00-де Арбатта жалғасады. Мұнда шығармашылық сайыстың: әлеуметтік желілердегі үздік жарияланым, бейнеролик, іс-шара және сурет номинациялары бойынша байқау жеңімпаздары анықталады. Ерекше атап өтерлігі — суретшілер өз туындыларын сол жерде, көрермендердің көз алдында салады.
Кешкі сағат 20:00-де ShymCity саябағында мерекенің жарық шоу-презентациясы басталады. Мемлекеттік рәміздердің тарихы заманауи технологиялар арқылы музыкалық фонтанда бейнеленеді. Сонымен қатар амфитеатрда патриоттық әндер кеші өтеді. Бүкіл отбасы болып ашық аспан астында, музыка мен жарыққа, мағынаға толы кешті бірге өткізетін сәт болмақ.
Бүгін қаланың әр бұрышынан мерекелік көңіл-күй сезіледі. Сауда және ойын-сауық орталықтары да бұл күнге арнап концерттер, шеберлік сабақтары, ойындар мен флешмобтар ұйымдастыруда.
Дәл осы күні көк Туымыз түстес аспанға қарар болсаң, жүрегіңде ерекше сезім оянары анық: Қазақстан — бұл менің елім. Шексіз мақтанышпен, махаббатпен өмір сүргім келетін қасиетті мекенім.