Түркістан қаласында мемлекеттік мекемелер қызметкерлері арасында кіші футболдан турнир өтті

63
Мемлекеттік қызметшілер күніне орай Түркістан қаласында мемлекеттік мекемелер қызметкерлері арасында кіші футболдан «Түркістан қаласы әкімінің кубогі» үшін турнир ұйымдастырылды. Түркістан қаласындағы мемлекеттік қызметкерлер арасындағы кіші футбол жарысы – жай ғана спорттық іс-шара емес. Бұл – патриотизмді, бірлікті, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыратын нақты қадам. Ол қоғамға салауатты өмір салтын, ұлттық рухты және елге қызмет етудің үлгісін көрсетеді. Сонымен қатар, ұлттық рухты көтеру мен бірлікті нығайтуға бағытталған. Аталған спорттық іс-шара 2025 жылдың 27 маусым күні Нұр-Сауықтыру кешенінде өтті. Жарыстың басты мақсаты – мемлекеттік қызметшілер арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, бұқаралық спортты насихаттау және ұжымдар арасындағы ынтымақтастықты нығайту болды.
Жарыстың ашылу салтанатына Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Ғаппар Амантайұлы Сарсенбаев пен қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Қабдырұлы Мұсағалиев қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды «Түркістан қаласының мониторинг және жедел әрекет ету орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесі жеңіп алды. Екінші орынға Түркістан қаласы әкімдігі командасы ие болды. Үздік үштікті «Түркістан Жарық Тазалық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі түйіндеді. Ал төртінші орынды Түркістан қалалық мәслихаты иеленді.
Жеке номинациялар бойынша да үздіктер анықталды. Үздік қорғаушы аталымы Ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің бас инспекторы Перне Бақдаулетке берілді. Үздік ойыншы болып Мониторинг және жедел әрекет ету орталығының сектор басшысы Темешов Қайрат танылды. Үздік шабуылшы атағын «Түркістан Жарық Тазалық» ЖШС өкілі Абуов Жасұлан иеленсе, үздік қақпашы ретінде Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Ғаппар Амантайұлы Сарсенбаев марапатталды.
Жалпы кез келген өркениетті елге тән ортақ ұқсастықтар мен рухани құндылықтар болады. Ту, Елтаңба және Әнұран – солардың бірегей нышандары. Өйткені, бұл рәміздер әр мемлекеттің тәуелсіздігін білдірумен қатар, елдікке шақыратын, тұтастыққа ұйыстыратын, бірлікке үндейтін, жүректегі патриоттық сезімді оятатын, Отанды, жерді сүюге жетелейтін, ерлік дәстүрлер мен сабақтастық рухында тәрбиелеуге жұмылдыратын айшықты белгілер саналады. Еркіндігіміздің Көк байрағы көкте желбіреп, Елтаңба төрде орнығып, Әнұран шырқала орындалғанда, ата-бабаларымыз сан ғасырлар аңсаған елдік қалпымыз бен сүттей ұйыған тірлігімізге, дербес саяси және экономикалық даму жолына түскенімізге шүкіршілік айтып, толқымайтын жан, селт етпейтін көңіл болмас, сірә! Мемлекеттік рәміздер — халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін, еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін паш ететін нышандар. Желбіреген аспан түстес байрағымыз халқымыздың арманын асқақтатып, қыран бүркіттей елімізді аспан әлемінде қалықтатып тұр. Бұл рәміздер біздің мемлектіміздің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі. Қазақ елінің даму  жолында патриотизмді қалыптастырып, ұлттың бойына сіңіртіп, түсіндіру ол ең маңызды дүние. Себебі, рәміздер сенің қазақ ұлты екеніңнің бірден-бір дәлелі. Елтаңбамызды немесе туымызды алып қарасаң да, еркіндік сүйгіш, өзінің салт-дәстүрі, тіршілігі, тарихы қалыптасқан елді көре аламыз. Жаңа негізі қаланған жас мемлекеттердің қай-қайсысының да алғашқы жасайтын маңызды ресми қадамдарының бірі – елдің туын, елтаңбасын, әнұранын қабылдау болып табылады. Өйткені, бұл рәміздер саяси тәуелсіздік пен мемлекеттік егемендіктің бірегей белгілері болып саналады.