“ҚАҢТАРДА ҚАМДАНБАҒАН ӘКІМ, ҚАШАН ҚАМДАНАДЫ?…”

134

Жыл басталды. Әкімдер іркілмей, іске көшу керек. Жағасын жайлауға жіберіп, жайбарақат жүргендер опық жейтіні анық. Мұны Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков өз командасына ескертті. Дұрыс. Қаңтарда қамданбаған әкім қашан қамданады?..
Жаңа жылда жаңа мақсат, жаңа жоспармен іс бастау әр әкімнің міндеті. Әкімнің баспасөз хатшысы Гаухар Нұрмаханқызының айтуынша Түркістан қаласындағы жаңадан қоныстанған тұрғын үйлерді табиғи газбен қамту мақсатында жобалау-сметалық құжаттар әзірленуде. Сараптама қорытындысы тапсырмада белгіленген мерзімнен кешіктірілмейді.
Бұл жөнінде бүгін қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен өткен лездемелік мәжілісте баяндалды.
«Түркістан қаласындағы жобадан тыс қалған және жаңадан қоныстанған аумақтарға ауыз су жүйесін жүргізу. 2-кезек» нысаны бойынша жобалау-сметалық құжаттар демеушілер есебінен әзірленіп, сараптамаға ұсынылды.
Қала аумағында электр қуаттылығын арттыруды қажет ететін аймақтар үшін 20 дана трансформатордың сметалық құжаттамасы дайындалды. Орындары секторлар және «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС-нің ұсыныстарымен анықталды. Жауапты мамандардың мәлімдеуінше, тапсырма берілген мерзім ішінде толық орындалады.
Атқарылған жұмыс есебін алып, саралаған Нұрбол Әбдісаттарұлы:
— Қаңтар — қарап отыратын емес, қамданатын ай. Күн жылынғанда құжатты ойламай, құрал-сайманды ыңғайлау керек. Барлығымыздың жұмысымыз қаланың әлеуетін арттыруға бағытталған, мақсат — ортақ. Сондықтан, алдарыңызға келген құжаттарды кідіртпей қарауды тапсырды- дейді әкім.
Игі істің игілігін көруді бұйыртсын түркістандық ағайынға.

“ARA24-ақпарат”