БАСТЫ МІНДЕТ — АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНА САПАЛЫ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ

122

Бүгін аудан әкімі Азат Оралбаев Бадам ауылдық округі аумағында құрылысы жүргізіліп жатқан спорт кешені, ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстарын тексеріп шықты.

“Кез-келген құрылыс жұмыстарын алғаш бастаған сәттен бастап сапасына көңіл бөлген дұрыс. Сондықтан ауданымызда салынып жатқан құрылыс нысандарында ең бірінші кезекте сапа мәселесі тұруы керек” деді аудан әкімі Орда мөлтек ауданында салынып жатқан спорт кешенін аралау сәтінде.

Аудан басшысы 210 орынға лайықталған жаңа спорт кешенін аралау барысында аудандық Сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысына жұмыс кестесіне сай құрылысты мерзімінде аяқтауды айтты.

Мұнан соң аудан басшысы аталған мөлтек аудандағы екі қабатты тұрғын үйдің ішкі коммуналдық жүйелерін, сыртқы қасбетін тексеріп, ауыл әкімі, салалық бөлім басшысына тұрғын үй ауласына балалар ойын алаңшасын орнату, көгалдандыру, кәріз жүйесін реттеу, басқа ауылдардан көшіп келген азаматтарды қоғамдық жұмыстарға тарту бойынша нақты тапсырма берді.

Округтегі іссапары барысында аудан әкімі Ордабасы ауылына қарасты Баян бұлақ, Таңбалы бұлақ, Ұзын бұлақ, Қылышбұлақ елді мекендеріне жүргізілген ауыз су құрылысын аралап, тұрғын үйлерге су кіргізу жұмыстарын тексеріп шықты.

Азат Әбдіғалиұлы су құбырларының қыс мезгілінде қатты суықтан сақтау үшін жер асты жүйелерін қаптау жұмыстарын жүргізіп, ауыз судың ауылға іркілісіз жетуін қамтамасыз ету қажеттігін айтты.