ПОЛИЦЕЙЛЕР ОТБАСЫН ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫМЕН БІРЛЕСІП ЖҰМЫС ЖҮРГІЗУДЕ

Түркістан облысы Созақ ауданында мемлекеттік отбасылық саясатты жүйелі жүргізуге бағытталған әлеуметтік нысандар қатары толыға түсті. Созақ аудандық полиция бөлімінің отбасылық тұрмыстық – зорлық зомбылықтың алдын алу бөлімінің полиция майоры Айжан Манапова «Отбасын қолдау орталығы» мемлекеттік мекемесінде болып, жұмыс барысымен танысып қайтты.
Кездесу барасында “Отбасын қолдау орталығының” директоры Әділ Елібаев тұрмыс тауқыметіне тап болған аналардың қиын жағдайларын еңсеруде, бағыт-бағдар беріп, қолдау көрсетуде мұндай орталықтардың маңыздылығын атап өтті.
Өз кезегінде орталықтың бөлім басшысы Біржан Саржанов аталмыш мекемеде көпбалалы, аз қамтылған, зорлық-зомбылық көрген, өмірлік дағдарыс, апатты жағдайға тап болған отбасыларға неке беріктілігін сақтау бағытында құқықтық, психологиялық, әлеуметтік қызмет түрлері ұсынылатындығын жеткізді.
Тәртіп сақшыларымен бірлесіп жұмыс жүргізетін бұл орталықтың ішінде кәсіппен айналысамын деген тұрғындарға қысқа мерзімді тігін, шаштараз, аспаз секілді арнайы курстар оқытылады. Сонымен қатар, бүлдіршіндер үшін ойын бөлмелері бар. Мұнда психолог, логопед, социолог мамандар жұмыс істейді.