ҚАУІПСІЗ ДЕМАЛЫС

44

Қала тұрғындары жиі демалатын жағажайлар, саябақтар және демалыс базалары санитариялық-гигиеналық талаптарға толық сәйкес келуі тиіс. Мұндай орындар өндірістік нысандардан, мал қораларынан және лас сулардан кемінде 500 метр қашықтықта орналасуы қажет.

Жағажайларда күннен қорғанатын шатырлар, киім ауыстыратын кабиналар, арнайы қоқыс жәшіктері, жедел жәрдем мен құтқару пункттері болуы тиіс. Тазалау және дезинфекциялық жұмыстар күн сайын жүргізіліп, құм қабаты жүйелі түрде қопсытылып, дәретханалар уақтылы тазаланады.

Мұндай демалыс орындарында жұқпалы ішек аурулары мен паразиттік дерттердің алдын алу үшін санитариялық талаптарды сақтау – басты міндет.

СУ АЙДЫНДАРЫ МЕН БАССЕЙНДЕРДІҢ ТАЗАЛЫҒЫ — ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА

Шомылу маусымында тұрғындардың су арқылы таралатын жұқпалы ауруларға шалдығу қаупін азайту үшін Шымкент қаласы бойынша ашық су айдындары мен бассейндерге тұрақты санитариялық мониторинг жүргізілуде. Су сынамалары микробиологиялық және паразитологиялық зерттеуден өткізіліп, қауіп анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылданады.

Қала аумағындағы «Қошқар-Ата», «Сайрам-су», «Бадам» және «Қарасу» өзендерінің жағалаулары тазартылып, су қорғау белдеулеріндегі қоқыс жиналды. Бассейндерде санитариялық тораптар, душ, киім ауыстыратын бөлмелер, спорт жабдықтары мен дезинфекциялық құралдарға арналған қоймалар болуы міндетті.

Бассейн ішіндегі су үнемі тазартылып, талапқа сай жаңартылып отырады. Су сапасы стандартқа сай келмеген жағдайда шомылуға рұқсат берілмейді.

ЖАЗҒЫ БАЛМҰЗДАҚ: САПА МЕН САНИТАРИЯ ҚАТАР ЖҮРУІ ТИІС

Күн ысыған сайын сұраныс артып жатқан жұмсақ балмұздақтарды өндіру мен сатуға да нақты санитариялық талаптар қойылады. Балмұздақ арнайы фризерлер арқылы дайындалып, тек жаңа қайнатылған ауыз сумен ерітілген құрғақ қоспалар қолданылады. Дайын өнім бірден ұсынылады, қоспаларды сақтауға тыйым салынады.

Шикізат ретінде пайдаланылатын жұмыртқа мен сүт міндетті түрде пастерленген болуы тиіс. Балмұздақ сату тек дайындау орнында жүзеге асырылады. Жұмысшылар медициналық кітапшамен қамтылып, санитариялық киім киюі және жеке гигиенаны сақтау талаптарын мүлтіксіз орындауы қажет.

ҚОҒАМДЫҚ ТАМАҚТАНУ НЫСАНДАРЫ — БАҚЫЛАУДА

Қаладағы мейрамхана, кафе, асхана, бар, буфет сияқты қоғамдық тамақтану орындары халық көп жиналатын нысандар ретінде санитариялық-эпидемиологиялық тұрғыдан ерекше қадағалауды қажет етеді.

Бұл нысандарда санитариялық тораптар мен қол жууға арналған орындар, желдету және жылу жүйелері, жеке киімдерге арналған бөлмелер қарастырылуы тиіс. Тағаммен тікелей жұмыс істейтін қызметкерлердің барлығы гигиеналық оқудан өтіп, денсаулығы күнделікті бақылауда болады.

Ас дайындау барысында арнайы таңбаланған жабдықтар әр өнім түріне жеке қолданылады. Бұдан бөлек, ХАССП жүйесі негізінде ішкі өндірістік бақылау жүргізіледі. Бұл әдіс қауіптерді алдын ала анықтап, тағам сапасын жүйелі түрде бақылауға мүмкіндік береді.