АУДАНДА «АУЫЛЫМ АРЫС ЖАҒАСЫНДА» АТТЫ МӘДЕНИ ІС- ШАРА БАСТАУ АЛДЫ

Үш жүздің басын қосқан, киелі де қастерлі, берекесі мен бірлігі артқан Ордабасының, қазақ даласының батыры Қажымұқан Мұңайтпасовтың есімімен аталатын аумағындағы ауданымыздың орталығында, ұлтымыздың ұлы мұрасы мен өнерін дәріптеп, мәдениетіміздің мәйегін насихаттайтын «Ауылым Арыс жағасында» атты мәдени — рухани, танымдық іс-шара бастау алды.
Өнер мен мәдениеттің ұлы көшін жалғаған іс-шарада шілде – қыркүйек айларында ауданға қарасты ауыл округтері бекітілген кесте бойынша өз өнерлерін назарға ұсынып, сайысқа түсетін болады. Барлық аумақтар бақ сынасқан соң қорытынды кеш өтіп, жеңімпаз округ марапатталмақ.
Бәйге көшін алғашқы болып Қажымұқан ауыл округі мен Қараспан ауыл округінің көркемөнерпаздары бастады. Шара аудан орталығы Темірландағы «Этноауыл» кешенінде ауыл шаруашылық, қолөнер, тағамдар көрмесі және салт-дәстүр, әдет- ғұрпымызды дәріптейтін сахналық қойылымдармен басталып, қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқов атындағы аллеяда көркемөнерпаздар өнер көрсетті.
Ұлттық өнерімізді ұлықтап, заманауи жаңашылдықпен ұштастыра отырып, рухани байлығымызды дәріптеуді басты мақсат еткен іс-шараны ашып беру үшін алғашқы сөз аудан әкімі Азат Оралбаевқа берілді. Сайысқа қатысушыларға сәттілік тілеген аудан басшысы жиылған көрермендерге ақжарма лебізін білдірді.
Келесі кезекте шараға арнайы келген, алғаш айтулы «Шаншар» театрында өнер көрсетіп, кейін әйгілі «Шымкент шоу» театрын құрған актер Берік Тұрсынбеков баршаға тілегі мен әнін арнады.
Концертте алғашқы нөмірде сөз маржанын теріп, өмір ақиқаты мен қуанышын, жақсылығы мен шарапатын жырлайтын – ұлт руханиятының асыл қазыналарының бірі – «арнау» өнеріне кезек берілді. Өткеннің өнегесін жалғаған «Асыл әжелер» тобының өнері де ұлтық рухтың алтын арқауы болды.
Сезімнің сырын тілсіз жеткізетін сиқырлы әлем, әр қимылда тарихтың тынысы мен рухтың үні сақталған – би өнері де қалыс қалған жоқ.
Одан бөлек концерт эстрада жанрындағы әндерімен, домбырашылар тобының күйлерімен, әдеби композициямен және ауылдың алты ауызымен толықты. Іс-шара соңында елге белгілі тұлғалар Әсет Әсәнди, Перизат Баймаханова және Бектас Тәшімбетовтерден құралған қазылар алқасы аумақтардың өнерін саралап, қос аумақ терезесі тең өнер көрсетті деген пікірлері мен шешімдерін жеткізді.