ТӘЛІМГЕР ПОЛИЦЕЙ

250

Полиция подполковнигі Төрехан Тұрсынқұлұлы – Сайрам АПБ жергілікті полиция қызметі бөлімінің аға учаскелік полиция инспекторы.

Әдеп пен әділдік үшін күресіп, қылмыстың алдын алудың хас үлгісін көрсетіп, бейбіт күнде ел тыныштығын күзеткен, қиындығы мол қызметтің жүгін арқалаған жандар – полиция өкілдері.

Сонымен қатар халықпен тәулік бойы тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін полицияның басым күші – учаскелік полиция инспекторлары. Сырттай еңбектері көрінбесе де, қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтарды анықтап, жолын кесуде еңбектері орасан зор.

Сайрам ауданының полиция басқармасында 30 жылдай қызмет атқарып келе жатқан полиция подполковнигі Төрехан Маймақовтың талапшылдығы мен принципшілдігі әр ісінен байқалады. Қым-қуыты көп, жауапкершілігі орасан зор қызметінде «Тәртіпке бағынған құл болмайды» принципін ұстанады.

Кәсіпкер мен медбике отбасынан шыққан Төрехан 1994 жылы Жамбыл облысының Тараз қаласында ІІО қатарына қабылданып, патрульдік полицияда қызметін бастайды.

1995 жылы Түркістан облысы (бұрынғы ОҚО) Сайрам ауданының ІІБ-на патрульдік полиция қызметіне ауысады.

1999-2003 жылдары Халықтар достығы гуманитарлық университетінде оқып, заңгер мамандығымен бітіреді.

Әр жылдары учаскелік полиция инспекторы, патрульдік полиция тобының аға инспекторы, жедел кезекші, жасөспірімдер бөлімінің аға инспекторы, кезекші бөлімінің бастығы лауазымдарын атқарған.

Бес баланы тәрбиелеп отырған өнегелі әке, сыйлы отағасы.

Қазақстан Республикасы ІІМ-нің «ІІО-ның ардагері» төсбелгісімен марапатталған. Бұдан бөлек көптеген грамоталар мен алғыс хаттарға ие.

Күнделікті жұмысында аудандық әкімдікпен бірлесіп, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық жұмыстарына белсене атсалысып, қылмыстық ахуалының тұрақтылығына ғана емес, көркеюіне де үлес қосып келеді.

Сайрам ауданы полиция басқармасының мақтан тұтарлық қызметкерлерінің ең тәжірибелісі әрі жасы үлкені ретінде ұжымдастары арасында құрметке ие.

Өзінен кейінгі әріптес жас мамандарға іс-тәжірибесімен бөлісіп, ақыл-кеңестерін айтып отыратын нағыз тәлімгер полицей.

Аудандық полиция басқармасында табан аудармай 28 жыл қызмет атқарып келе жатқан әріптесіміз, полиция подполковнигі Төрехан Тұрсынқұлұлына еңбекте табыс, отбасына береке тілей отырып, барлық ОТАН ҚОРҒАУШЫЛАРДЫ МЕРЕКЕМЕН құттықтаймыз!

САЙРАМ АУДАНЫНЫҢ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ