ЖАС КАРАТЭШІЛЕР СЫНҒА ТҮСТІ

508

Шымкент қаласында 9 мамыр — Жеңіс күніне орай шинкиокушинкай каратэден жасөспірімдер, жастар арасындағы қалалық ашық турнир өтіп жатыр. Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы және Шымкент қаласының кекушинкай каратэ федерациясы бірлесе ұйымдастырған сайысқа еліміздің барлық өңірінен, жалпы 500-ге жуық спортшы бақ сынауға келген.

Жарыстың ашылу рәсімінде ҚР каратэ федерациясының вице-президенті Талғар Ахмадиев, Шымкент қаласы жастар ресурстық орталығының басшысы Мағжан Исахов, ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төраға орынбасары Есебалы Алиев көпшілікті бүгінгі мерекемен құттықтап, аталған спорт түрлері елімізде қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Бүгінде Шымкент қаласының өзінде 600-ден астам жасөспірім осы спорт түрімен шұғылданады.

Жарыс бұқаралық спортты дамыту, жастарды патриоттыққа тәрбиелеу және спортшыларды алдағы додаларға іріктеуді мақсат еткен. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері бүгін анықталады.