СОЗАҚ АУДАНЫНДА ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАР САНЫ АРТАДЫ

6

Созақ ауданында тұрғын үй және әлеуметтік инфрақұрылым саласында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Бүгін Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев ауданға арнайы жұмыс сапарымен барып, бірқатар құрылыс нысандарын аралады. Жұмыс барысын қадағалап, жауапты мамандарға сапаға көңіл бөлуді тапсырды.

Алдымен Созақ ауылындағы №1 колледж жанынан бой көтеріп жатқан 200 орындық жатақхананың құрылыс алаңында болып, анықталған кемшіліктер аясында жүйелі жұмыс жүргізуді ескертті.

Аралау жұмыстары Жеткіншек мөлтек ауданында жалғасып, мұнда әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтарға салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарымен танысты. Бүгінде жеке инвесторлардың қолдауымен 2 қабатты 3 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Әр үйде 8 пәтерден, жалпы 24 пәтер бар. Оған қос екі пәтерлі 26 тұрғын үйдің құрылысы да жалғасып жатыр. Сондай-ақ демеушілер есебінен 2 қабатты 2 тұрғын үйдің құрылысы қолға алынған. Бұл үйлерде 16 пәтер орналасады. Бүгінде аудан орталығында пайдалануға берілетін жаңа пәтерлердің жалпы саны 92-ге жетіп отыр.

Осы күні Еркебұлан Дауылбаев күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан «Достар» стадионының құрылыс алаңына барып, ғимаратты толық аралап көрді. Мұнда 450 орындық көрермендер алаңы, жүгіру жолағы және стандартқа сай үлкен футбол алаңы салынып жатыр. Сонан соң Шолаққорған ауылындағы 200 орындық «Спорттық-сауықтыру» кешенінің құрылысымен танысты. Ғимарат 3 гектар аумақта орналасқан. Спорт кешені оқу-жаттығу базасымен толық жабдықталып, халықаралық спорттық жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді. Екі қабатты ғимаратта волейбол, баскетбол алаңдары, күрес пен бокс залдары, бассейн және футбол алаңы қарастырылған.

«Созақ аудандық мемлекеттік архиві» КММ ғимаратының жұмысы да назардан тыс қалмады. Мұнда құжаттарды сақтау мен материалдық-техникалық базаны жетілдіруге қатысты мәселелер талқыланды.