ТҮРКІСТАН: КЕНТАУДА «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» ПЛОГГИНГ ЖАРЫСЫ ӨТТІ

Кентау қаласында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ерекше форматтағы тазалық шарасы өтті. Сенбілік қаладағы Ш.Уалиханова көшесіндегі № 54, 56, 58, 60, 62, 64 және Абай 14 тұрғын үйлердің ауласында жүргізілді. Шара барысында әрбір аула өз аумағын қоқыстан тазартып, жиналып қалған тұрмыстық қалдықтарды арнайы орындарға шығарды. Тұрғындар бұл бастаманы зор ықыласпен қолдап, балаларын қасына ертіп, тазалықтың маңызын іс жүзінде көрсетіп берді. «Бір қап қоқыс — бір балмұздақ» атты ұранмен өткізілген акцияға бүлдіршіндер қызыға қатысты.
Сонымен қатар, балаларға әрбір жиналған қапшық үшін тәтті балмұздақ пен түрлі ойыншықтар да үлестірілді. Балалар қуанышқа бөленіп, ата-аналар мен көршілердің алғысын білдірді. Кентауда бастау алған бұл дәстүрлі сенбіліктер алдағы уақытта да жалғасын табады. Қаладағы көпқабатты үйлердің аулалары кезең-кезеңімен қамтылып, тұрғындарды табиғатты аялауға, ортақ мекенге қамқорлықпен қарауға шақыратын болады.