ШЫМКЕНТТЕ ТАЗАЛЫҚ ПЕН ТӘРТІПТІ БҰЗҒАНДАР ЖАУАПҚА ТАРТЫЛДЫ

1–14 тамыз аралығында Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Таза Қала» атты профилактикалық іс-шара өтуде. Шараның негізгі мақсаты – қала аумағында санитарлық тазалықты сақтау, қоғамдық тәртіп пен тыныштықты қамтамасыз ету, сондай-ақ тұрғындардың экологиялық және құқықтық мәдениетін арттыру.
Рейдтік жұмыстар Шымкент қалалық полиция департаменті мен қала әкімдігі бірлесіп ұйымдастыруымен өткізілуде. Нәтижесінде, бірқатар азаматтар мен кәсіпкерлік нысандардың иелері санитариялық талаптарды сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, қоғамдық орындарда тыныштықты бұзған тұлғаларға да заң шеңберінде шара қолданылды.
Шара аясында аулалар мен көшелерге, саябақтар мен скверлерге, жалпыға ортақ пайдаланылатын орындардың тазалығына ерекше мән берілуде.
Құзырлы органдар қала тұрғындарын тұрмыстық қалдықтарды арнайы орындарға тастауға, тазалық пен тәртіпті сақтауға және айналадағылардың тыныштығын құрметтеуге шақырады.
Акцияның басты нәтижелерінің бірі – қоғамның түрлі топтарының бірігуі, бірлесіп жұмыс істеуі болды. Науқанға мемлекет, жергілікті билік органдары, мектептер, студенттер, кәсіпорын-мекемелер, қарапайым азаматтар белсене қатысып, барлық аймақтарда тазалық жұмыстары тыңғылықты жүргізілді.
Акция барысында табиғатты қорғау мәселесі кеңінен насихатталды. Қоқысты дұрыс тастау, қайта өңдеуге арналған контейнерлерді пайдалану, ауланы тазарту, басқа да экологиялық шаралар туралы ақпараттық жұмыстар атқарылды.
Тазалық жұмыстары, сенбіліктер кезінде қоқысты сұрыптау, қайта өңдеу мәселесі ерекше назарда болды. Экологиялық инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Қоқыс жинау пункттері мен қайта өңдеу орталықтары көбейді. Қоқысты сұрыптау мәдениеті тек қалаларда ғана емес, ауылдық жерлерде де кеңінен тарала бастады.
Акция табиғатқа зиян келтіретін факторлармен күресуге, оның ішінде заңсыз қоқыс төгу, орманның жойылуы, су көздерінің ластануы сияқты мәселелерге қарсы бағытталды. Жергілікті билік органдары мен құқық қорғау органдарының экологиялық заңнаманы бақылау мен орындауға қатысты белсенділігі артты.
Акцияның тағы бір жетістігі, жас ұрпақты экологиялық мәселелерге жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеу болды. Бұл шаралар мектептер мен оқу орындарында экологиялық тәрбие беру, балаларды табиғатқа деген сүйіспеншілікке баулу арқылы жүзеге асты.