ТҮРКІСТАНДА «ЕЛІМ ДЕГЕН ЕР АСАНБАЙ!» АТТЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТАНЫМДЫҚ-КОНФЕРЕНЦИЯ БОЛЫП ӨТТІ

539

Кешегі аптада облыстық Мәдениет Басқармасының қолдауымен, Түркістандағы «Ұлы Дала Елі» орталығының конференц-залында, Мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың 100 жылдығына арналған «Елім деген ер Асанбай!» атты республикалық танымдық-конференция болып өтті.

Конференция жұмысына идея авторы, А.Асқаровтың шәкірті, Облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов мырза модераторлық жасап отырды.

Конференцияға еліміздің түкпір-түкпірінен келген қонақтар, А.Асқаровтың көзін көрген, бірге, қатарлас еңбек еткен ізбасарлары қатысып, ел ағасы жайлы өз ойын ортаға салды…

Түстен кейін Р.Сейтметов атындағы

Түркістан сазды-драма театры дайындаған, жазушы-драматург Мархабат Байғұттың «Асқаровтың ақ қайыңдары» атты спектаклін «Фараб»

кітапханасының концерт-залында көрермендерге ұсынды.

«Мың оқығаннан бір көрген артық» демекші, кезінде үш облысты бірдей басқарған осынау тау тұлғаның өмірі жайлы премьера өте әсерлі шықты.

Нахақтан жабылған жаладан 4,5 жыл тас түрмеде отырған ел ағасының көрген қиындықтары, жан азабы, кезінде өші кеткен Колейниченко сияқты жауыздың азаптап ұрып-соғуы, тепкілеп тастауы сияқты жантүршігерлік оқиғаларды көрсетеді. «Аққа Құдай жақ» деген, оқиға желісіндегі кейіпкердің ауыр, азапты бейнесінің көрінісі көрерменнің көңілін босатты…

Өмір бойы елге қызмет еткен, облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтерген, артына қалған мәңгілік мұрасы мен ізіндей ғып атақты «Дендросаябақ», «Ипподром» т.б сияқты халық игілігіне жарап жатқан керемет нысандарды жасатып, халыққа сыйға беріп кеткен, осынау асыл тұлғаны халық тағы бір қырынан тани түсті.

Кеше ғана өмірде болып, қатар жүрген, бүгінде төбешікке айналған, берген тағылымы мол осынау қайраткерді халқы ұмытпағанын, керісінше сағынғанын көрсетті.

Асанбай Асқаровтың өнегелі өмірі кейінгі ұрпаққа үлгі! Халық өзіне адал еңбек еткен ерлерін ешқашан да ұмытпайды!