ТҮРКІСТАНДА «АЛАШ РУХТЫ АЗАМАТ» КІТАБЫНЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

387

Бүгін Түркістан төріндегі «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың 100 жылдығына орай жарық көрген «Алаш рухты азамат» атты естеліктер жинағының тұсаукесері өтті.

Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің 35 жылдығына орай ұйымдастырылған шараға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, сонымен қатар құрметті азаматтар қатысты.

Шара барысында Асанбай Асқаровтың 100 жылдығына орай арнайы дайындалған «Алаштың Асанбайы» бейнефильмі көрсетілді. Спикерлер сөзінен соң аталмыш кітаптың тұсауы кесіліп, ардагерлерге үлестірілді.

Бұл кітапта Жеңіс Мәуленқұловтың «Алыптар аласармайды» естелігі, Мархабат Байғұттың «Асқаровтың аққайыңдары» драмасы секілді 20-ға жуық автор еңбегі бар. Жобаға жетекшілік еткен – Жеңісбек Мәуленқұлов, кітаптың бас редактор-құрастырушысы – Бейсенкүл Нарымбетова.

Қазақ тарихында Алаш арыстарының жолы үзілген емес. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың мағыналы өмірі, адал жолы, басшылық жасаудағы қалыптастырған мектебі бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге екені анық.

Кітап аламын десеңіз, Нарымбетова Бейсенкүл әпке мен Түркістан қаласында Ақмарал Молдиярқызына хабарлассаңыздар болады. Айтпақшы, қаламыздағы «Фараб» кітапханасына да барып тұрыңыздар. Мұнда сізге қажетті көптеген кітапты таба аласыздар.