ТҮРКІСТАН: ОТЫРАРДА МАҚТА ЖӘНЕ КҮРІШ АЛҚАПТАРЫНА СУ ҮНЕМДЕУ ТЕХНОЛОГИЯСЫ ЕНДІРІЛДІ

17

Түркістан облысында су тапшылығын жою мақсатында су үнемдеу технологиясын енгізу жұмыстары кеңінен қолданылып келеді. Елімізде алғаш рет су үнемдеу технологиясымен күріш егілді. Соның бірегейі Отырар ауданы, Қарғалы ауылында жүзеге асырылып, тамшылатып суару әдісі арқылы күріш және мақта шаруашылығы қолға алынған. Бүгін облыс әкімі Нұралхан Көшеров Отырар ауданына арнайы жұмыс сапарымен барып, «Таймас-2024» ЖШС-нің мақта және күріш алқабының жұмысымен танысты. Инвесторлармен және алқап иесімен кездесіп, егістік жұмыстарын жандандыруды тапсырды. Тың жобаларды қолдауға әрдайым дайын екенін жеткізді.

«Таймас-2024» ЖШС-нің директоры Төлеген Серікбаев облыс әкімдігінің үйлестіруімен шетелге іссапарға шығып, инвесторлармен келіскенін жеткізді. Осы арқылы жаңа жобасын жүзеге асыруда.

Егін алқабына су үнемдеу технологиясын енгізу арқылы күріш, мақта, пісте дақылдары жерсіндіріледі. Жоба құны – 2 млрд. теңге. Аталған жұмыстар инвестор тарапынан қаржыландырылады. Кешен аумағы 5 мың гектарды құрайды. Оның ішінде 2300 гектар жерге мақта, 500 гектарға күріш, қалған 200 гектар жерге пісте дақылдары егілген. Алқап жұмыстарына 45 ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылған. Жоба қуаттылығына келсек, әр гектардан 50 центнер күріш алу көзделген. Мұнда 25 маусымдық жұмыс орны ашылған. Жаңа әдіс арқылы су бірнеше есе үнемделген.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев су үнемдеу технологияларын енгізу және ауыл шаруашылығы саласында жалпы өнімінің көлемін ұлғайту бағытында бірқатар тапсырмалар берген-ді. Бұл бағытта Түркістан облысында мақсатты жобалар қолға алынып, бүгінде сапалы жұмыстар атқарылуда. Биыл өңірде ауыл шаруашылығы алқаптарына су үнемдеу технологияларын 27 мың гектарға енгізу жоспарланып, қазіргі уақытта 59 мың гектар жерге ендірілген. 2028 жылға дейін жыл сайын 27 мың гектарға енгізу жоспарланса, облыста мүмкіндігіне қарай су үнемдеу технологияларын жыл сайын 50 мың гектарға ендіру көзделуде. Бұл әдіс ауылшаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыруға мүмкіндік береді.