ЕЛДІК ПЕН БІРЛІКТІ АЙҚЫНДАҒАН КҮН

Бүгін, 25 қазан ел тарихындағы ең маңызды күндердің бірі. Осыдан тура 35 жыл бұрын, яғни 1990 жылдың 25 қазанында, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Мемлекеттік егемендік туралы декларацияны қабылдады. Бұл құжат – Тәуелсіз Қазақстанның іргетасы, ел тағдырын жаңа арнаға бұрған тарихи шешім болды.
Осы күні Алматыда өткен Жоғарғы Кеңестің мәжілісінде 360 депутаттың 281-і дауыс беріп, 18-і қарсы, 2 депутат қалыс қалған болатын. Бірақ сол көпшілік дауыстың өзі – ғасырлар бойғы бодандық бұғауын үзуге ұмтылған халықтың рухының жеңісі еді. Бұл — халқымыздың дербес мемлекет болуға деген саяси ерік-жігерін айқындаған сәт.
1990 жылдың 15 қазанында Жоғарғы Кеңестің екінші сессиясында Асанбаевтың төрағалығымен декларацияның жобасы алғаш рет таныстырылды. Ал 17 қазанда республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінде қоғам талқылауына ұсынылды. Ел арасында қызу пікірталас басталып, әрбір азамат өз ойын ашық білдірді.
Бұл құжатты дайындау барысында белгілі ғалым-заңгерлер Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, қоғам және мемлекет қайраткерлері Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев сынды ұлт тұлғалары орасан еңбек сіңірді. Декларацияның мәтіні 17 тармақтан тұрды және әр сөйлемі ел тағдыры үшін салмақты мәнге ие еді.
Сол кездегі ең үлкен пікірталастардың бірі декларацияның кіріспесіндегі «қазақ халқы ел тағдыры үшін жауапты» деген тұжырымға қатысты болды. Кеңестік сана әсерінен шықпаған кейбір азаматтар бұл ойға күмәнмен қарады. Сондай-ақ республиканың жеке бюджетін қалыптастыру, сыртқы саясатта дербестікке ұмтылу, мемлекеттік тіл мен мәдениетті сақтау туралы тармақтар да қызу талқыға түсті.
Саяси ерік пен ұлт намысын қорғаған тұлғалардың табандылығының арқасында Декларация қабылданды. Сол күні ғимарат сыртында жиналған халық депутаттардың шешімін қуанышпен қарсы алып, ел рухы бұрын-соңды болмаған деңгейде көтерілді.
Дәл осы құжат 1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданған Тәуелсіздік туралы Конституциялық заңның негізі болды. Яғни, Егемендік декларациясы – Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы саяси-құқықтық іргетасы, бүгінгі Республика күнінің мәнін айқындайтын тарихи акт.
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда еліміз талай белесті бағындырды. Мемлекеттілік дәстүрі қалыптасып, егемендіктің қадірі мен құны уақыт өткен сайын арта түсті.
2022 жылы Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 25 қазанды – Республика күні етіп қайта бекітуді ұсынды. Бұл шешім ұлттық тарихтағы әділдіктің орнауы, егемендіктің мәртебесін көтеру жолындағы маңызды қадам болды.
Республика күні – ел бірлігі мен тұтастығын, мемлекетшілдік рух пен азаттық мұратын ұлықтайтын мереке. Бұл күн – халқымыздың тарихи жадына, жас ұрпақтың патриоттық санасына сіңуі тиіс елдік ұғымның көрінісі.
Егемендік декларациясы қабылданғаннан бергі 35 жылда Қазақстан әлемге бейбітшіл, дамуға ұмтылған, жасампаз мемлекет ретінде танылды. Бүгінгі тәуелсіз елдің табысы – сол бір тарихи шешім қабылдаған тұлғалардың батылдығы мен халқымыздың бірлігіне негізделген.
Республика күні – өткенге тағзым, болашаққа сенім күні.
Ел мен жердің амандығы үшін аянбай еңбек еткен ардагерлерге, ел тәуелсіздігін баянды етіп келе жатқан барша азаматтарға алғыс білдіреміз!
Рухы мықты, бірлігі бекем еліміздің мерейі үстем болсын!
Егемен еліміздің ертеңі жарқын, Тәуелсіздігі мәңгі болғай!
Қалыйма Жантөреева,
“AMANAT” партиясы филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық әйелдер қанатының жетекшісі, облыстық мәслихат депутаты















