ТҮРКІСТАНДА ӨНЕР МЕН МӘДЕНИЕТТІҢ ДЕҢГЕЙІН КӨТЕРГЕН ФЕСТИВАЛЬ ЖӘНЕ БАЙҚАУ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

25

Түркістан қаласының ерекше мәртебе атануына орай ұйымдастырылған «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі қорытындыланып, жеңімпаздар анықталды. Салтанатты марапаттау рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев арнайы қатысып, жеңімпаз және жүлдегер аудан, қала өнер ұжымдарын марапаттады.

– Биыл Түркістанның облыс орталығы атанғанына жеті жыл. Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Түркістанға ерекше мәртебе берілді. Бұл – біздің өңірге жүктелген мәртебелі міндет әрі жоғары жауапкершілікті талап ететін бастама болып отыр. Игілікті істердің жүзеге асуына мәдениет мамандарының да қосар үлес зор болмақ. Түркістанның туристтік әлеуетін арттыру, өңірдегі шығармашылық иелеріне қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше тарту болды. Алғаш рет ерекше форматта ұйымдастырылған фестивальде аудан, қаладан келген өнер ұжымдары, талантты жастар ұлттық құндылықтарымыз бен заманауи өнердің тамаша үйлесімін көрсете білді. Осы орайда, аталған фестивальге үлес қосып, жоғары деңгейде өнер көрсеткен баршаңызға алғысымды білдіремін. Сонымен қатар ауылдық мәдениет үйлері мен клубтардың жұмысын жандандыру бағытында «Ауыл – мәдениеттің бастауы» байқауын ұйымдастырған болатынбыз. Үшінші рет өткен байқауға 115 ауылдық мәдениет үйлері мен клубтары қатысып, үздіктері марапатталып отыр. Біз алдағы уақытта Түркістан өңірінің мәдени дамуына үлесі мол ауқымды жобаларды жоспарлап отырмыз, – деді Ертай Кенжебекұлы.

«Өнерлі өлке» фестивалінде қазылар алқасының шешімімен бас жүлдеге ие болған Бәйдібек ауданы мен бірінші, екінші және үшінші орынды иеленген аудан-қалалардың өнерпаздарына қаржылай сыйлықтар мен арнайы дипломдар берілді. Фестивальдің мақсаты – ұлттық мәдениетіміз бен өнерімізді дамыту, халық шығармашылығын жаңаша бағытта жандандыру, жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру және Түркістанның мәдени-туристік әлеуетін дамыту. Шара барысында «Ауыл – мәдениеттің бастауы» ауылдық мәдениет үйлері мен клубтар арасында өткен облыстық байқау жеңімпаздары да марапатталды. Бас жүлде Төлеби ауданы «Зертас» ауылдық мәдениет үйіне бұйырды. Үздік деп танылған ауылдық мәдениет үйлері мен клубтарына арнайы жүлделер, қыржылай сыйлықтар мен дипломдар табысталды.

Аталған байқаудың мақсаты – ауылдық мәдениет үйілері мен клубтардың жұмыс сапасын арттыру, халық шығармашылығын дамыту мен атқарып жатқан жұмыстарына қолдау көрсету және олардың іс-тәжірибелерін насихаттау. Айта кетсек, өңірде мәдени инфрақұрылымды дамыту бағытында жұмыстар жалғасуда. Биыл 4 мәдениет үйі пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін 2 мәдениет нысанның құрылысы аяқталады деп күтіліп отыр.