ШЫМКЕНТТЕ ЖОЛ ҚАУІПСІЗДІГІ АПТАЛЫҒЫ АЯСЫНДА ЕРЕКШЕ АКЦИЯ ӨТТІ

Шымкент қаласында полиция қызметкерлерімен Дүниежүзілік жол-көлік оқиғалары құрбандарын еске алу күніне орай 10-16 қараша аралығында Жол қауіпсіздігі апталығы өткізілуде. Оның аясында жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жүргізушілер арасында мәдениеттілік деңгейін арттыру мақсатында кең көлемді акция ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында тәртіп сақшылары қала аумағындағы ірі кәсіпорындарда, автопарктерде, автотұрақтарда, жанармай құю бекеттерінде және басқа да халық жиі баратын орындарда көлік иелерімен кездесті. Полицейлер жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау қажеттігін түсіндіріп, күнделікті қозғалыста өзара сыйластық пен жауапкершіліктің маңызын атап өтті.
Сонымен қатар, акцияның ерекше бөлімі ретінде жүргізушілерге «Сізді үйде күтеді» деген жазуы бар тәттілер таратылды.
Полиция қызметкерлері мұндай шаралар жүргізушілер арасында жағымды эмоционалды ахуал қалыптастырып, жолдағы тәртіпті нығайтуға өз үлесін қосатынын атап өтті. Акция алдағы уақытта да жалғасын табады.
Жол қауіпсіздігі – әрбір азаматтың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды талаптар жиынтығы. Жолда жүру ережелерін сақтау – тек жүргізушілердің ғана емес, жаяу жүргіншілер мен велосипед мінушілердің де ортақ міндеті.
Қарапайым ережелерді орындау көптеген қайғылы жағдайлардың алдын алады. Жаяу жүргіншілер жолды тек белгіленген жерден қиып өтуі тиіс, ал жүргізушілер жылдамдықты асырмай, айналадағы қозғалысқа мұқият болуы қажет. Балаларға жолда өз қауіпсіздігін сақтау дағдыларын ерте жастан үйретудің маңызы зор.
Жол қауіпсіздігі мәдениеті қалыптасқан ортада тәртіп те, сенім де болады. Сондықтан әр адам жол ережелерін құрметтеп, өзгелерге үлгі көрсетіп, жауапкершілікпен әрекет етуі керек.








