ЖОЛ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ЖАҢАРТУ: ШЫМКЕНТТЕ АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАР ЖӘНЕ САЙРАМ ТҰРҒЫН АЛАБЫНДА 164 КӨШЕ АСФАЛЬТТАЛДЫ

26

Шымкент қаласында биыл жол инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жұмыс атқарылды. Қаладағы жалпы жол 3 847 шақырымды құраса, оның 3 567 шақырымына асфальт-бетон жамылғы төселген.

Қазір жалпы ұзындығы 42,4 шақырымдық 19 ірі жоба іске асырылуда. Оның ішінде Қонаев даңғылының жалғасы, А-2 автомагистралін қайта құру, көлік қозғалысын жеңілдету үшін Алтынсарин, Қазиев, Ақсүмбе, Шұбаркөл, Алатау батыр-Абылайхан көшелері бағыттарындағы балама жолдарды қосу жұмыстары бар. Сонымен бірге Момынов және Тіленшин көшелерінде теміржол өткелдері салынуда.

Жандосов көшесінің жалғасы, Асар–Шымсити шағынаудандарын қосатын жол және Қызылсай шағынауданына кіреберіс жолдар пайдалануға берілді.

Биыл, сонымен қатар, 201 шақырымды құрайтын 323 көшені орташа жөндеу аяқталып, 559,9 шақырым ішкі орам және шалғай аймақ көшелеріне асфальт төселді. Қауіпсіздік мақсатында 201 жаяу жүргінші өткелі жарықтандырылып, 3 шақырым дыбысты жолақ сызылды, 80 шақырым тротуар салынды.

Жыл соңына дейін 2 291 көшенің барлығы толық жарықтандырылмақ. Сондай-ақ, 85 бағдаршам ITS жүйесіне қосылып, 31 жаңа бағдаршам орнатылды.

Атқарылған жұмыстар Шымкенттің заманауи әрі қауіпсіз мегаполис ретінде дамып келе жатқанын көрсетеді.

САЙРАМ ТҰРҒЫН АЛАБЫНДА 164 КӨШЕ АСФАЛЬТТАЛДЫ

Шымкент қаласының Қаратау ауданында жол инфрақұрылымын жақсарту жұмысы жалғасуда. Ауданға қатысты Сайрам тұрғын алабында биыл жалпы 174 көшеге асфальт төсеу жоспарланған болатын.

Қазіргі таңда 164 көшеге асфальт төселіп, 13 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынды. Сонымен қатар, 12 көшеге ирригациялық арық орнатылды.

Ауа райының қолайлы болуына қарай, қалған 10 көшеге асфальт төсеу және тротуар салу жұмысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда.

Мұндағы мақсат – тұрғындардың қауіпсіздігі мен жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасау.