ШЫМКЕНТТІК СПОРТШЫЛАРДЫ ҚАРСЫ АЛУ РӘСІМІ ӨТТІ

25

Жапонияның Токио қаласында өткен XXV Жазғы Сурдлимпиада ойындарында Шымкент қаласының спортшылары табысты өнер көрсетіп, ел қоржынына екі жүлде салды. Еркін күрестен Шадияр Пернеш алтын, Сабыржан Рсалы қола жүлдеге ие болған еді. Тарихи жеңіске жеткен спортшыларды бүгін Шымкент халықаралық әуежайынан күтіп алу рәсімі өтті. Іс-шараға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Жолдықараев, жаттықтырушылар және жанкүйерлер қатысып, спортшыларға құрмет көрсетті.

Қала әкімінің орынбасары С.Құранбек палуандар және оның бапкерін мәртебелі жетістіктерімен құттықтап, бұл жеңіс спорт мектептері мен бапкерлер құрамының жүйелі жұмысының, сондай-ақ, спортшылардың табандылығы мен шеберлігінің айқын дәлелі екенін айтты. Шаһарда сурдлимпиадалық спорт түрлерін дамытуда жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Спортшыларға қажетті жағдайлар жасалып жатыр.

2025 жылдың 15-26 қараша аралығында өткен дүбірлі бәсекеде 80 елден 3000-ға жуық спортшы бақ сынады. Еркін күрес бойынша Қазақстан құрамасы бұл додада 1 алтын, 1 күміс және 3 қола медаль иеленді. Ұлттық құрама қоржынына түскен жалғыз алтын медальді Шымкент қаласының спортшысы Шадияр Пернеш жеңіп алды. 65 келі салмақ дәрежесінде күрескен Шадияр жарысты аса сенімді өткізді. Ол барлық қарсыластарынан айқын басым түсіп, финалда ирандық спортшыдан да айласын асыра білді. Ал, 86 келі салмақта сынға түскен Сабыржан Рсалы жартылай финалда Украина палуанына есе жіберіп алды. Ал, қола жүлдеге таласта грекиялық Николас Иосифидисті қапы қалдырып, қола жүлдеге қол жеткізді.

Екі балуан да Шымкент қаласының №19 мүгедектігі бар адамдарға арналған спорт мектебінің шәкірттері. Жазғы Сурдлимпиада ойындарында тарихты жазып жатқан қос балуанның орны ерек. Шымкент қаласынан алғашқы Сурдлимпиада жүлдегері атанған да осы жерлестеріміз еді. Араға үш жыл салып, Шадияр Пернеш алтын жүлдемен тарихқа атын жазды.