АӘК ТАҒАЙЫНДАУ ТЕТІГІ ЖӨНІНДЕГІ МОНИТОРИНГ НӘТИЖЕЛЕРІ ЖАРИЯЛАНДЫ

27

Бүгін, Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте, Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек төмендегідей мәлімдеме жасады.

Атаулы әлеуметтік көмек бойынша жүргізілген жұмыстар аясында Мансап орталығы мен жергілікті органдардың міндеттері нақты бекітілген. Қолданыстағы қағидаға сәйкес, орталық өтініш білдірушімен жеке жоспар әзірлеп, әлеуметтік келісімшарт жасайды. Бұл келісімшарт бойынша мамандар азаматтарға кеңес беру, қажетті құжаттарын рәсімдеуге жәрдемдесу, жұмыс іздеу процесіне бағыттау, әлеуметтік бейімдеу шараларын ұсыну және барлық кезеңде бірге алып жүру міндеттерін атқарады. Сондай-ақ, жеке жоспарды орындау барысына ай сайын мониторинг жүргізіледі.

Еңбек мобильдігі орталығының ассистенттері учаскелік комиссиялармен бірге атаулы әлеуметтік көмекке өтініш берген азаматтардың тұрмыстық ахуалын зерделеуге қатысады. Сонымен қатар, Еңбек ресурстарын мониторингілеу бөлімінің мамандары да мұқтаж отбасыларды тексеру жұмыстарын жүзеге асырады.

Зерделеу нәтижесінде 546 жеке кәсіпкерден 1208 азаматтың 85 000 теңге жалақымен жұмыс істейтіні туралы бұйрық көшірмелерін тапсырғаны анықталды. Алайда Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметіне сәйкес, олардың ішінде 314 жеке кәсіпкерде тіркелген 545 азаматтың шын мәнінде жұмыс істемейтіні белгілі болды.

Мониторинг тобының тексерісі кезінде 13 жұмыс берушіде 34 азаматтың жұмыс орнынан табылмауы да расталды. Қалыптасқан жағдайға байланысты бұл отбасыларға жалған мәлімет бергені үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудан бас тарту туралы шешімдер дайындалып жатыр.