АТМОСФЕРАЛЫҚ АУА САПАСЫН БАҚЫЛАУ КҮШЕЙТІЛУДЕ

23
Шымкент қаласында кешкі уақытта ауада түтіннің байқалуының негізгі себептері: ауа температурасының төмендеуі, желдің болмауы, автокөліктердің көп шоғырлануы және жеке секторларда құрғақ шөп пен күзгі жапырақтарды жағу жағдайларының артуы.
Қала аумағының атмосфералық ауа сапасы «Қазгидромет» мекемесіне тиесілі 7 бақылау бекеті (4 қолмен сынама, 3 автоматтандырылған) арқылы үздіксіз бақыланып келеді. Қазіргі уақытта жоғарғы және экстремалды ластану фактілері тіркелген жоқ.
2025 жылғы 23–24 қарашада тұрғындар шағымдары негізінде «ПетроҚазақстанОйлПродактс» ЖШС және Индустриалды аймақтар аумағында мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде санитарлық қорғау аймағында ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген нормадан асуы анықталған жоқ.
Қаладағы 4 ірі кәсіпорын – «ПКОП», «Стандартцемент», «Шымкентцемент» ЖШС және «3-Энергоорталық» АҚ – автоматтандырылған мониторинг жүйесімен онлайн режимде бақылануда. Сонымен қатар, тұрғындардың шағымдары бойынша «Ордабасы» Индустриалды аймағындағы бір өндірістік кәсіпорынға тексеру тағайындалды.
2025 жылдың алғашқы 10 айында Департамент 29 тексеру жүргізіп, 50 әкімшілік іс қозғады, нәтижесінде шамамен 37,6 млн теңге айыппұл салынды (32,6 млн теңге өндірілді). Индустриалды аймақтарда 12 мекеме тексеруден өтті, оның ішінде: «High Industrial Lubricants & Liquids Corporation» ЖШС, «Китайско-Казахстанская Марганцевая Индустриальная Группа» ЖШС, «ЦветЛит» ЖШС, «Element 5» ЖШС, «ЭкоШина» ЖШС, «Категория ДМ» ЖШС, «Аламан Береке» ЖШС, «ENN» ЖШС, «Гермес-Б.Е.» ЖШС, жеке кәсіпкер «Хабибулла», «ТРМ» ЖШС, «VegaSmelting» ЖШС.
Сонымен қатар, экологиялық нұсқамаларды орындамаған 4 кәсіпорынға (оның ішінде «Китайско-Казахстанская Марганцевая Индустриальная Группа» ЖШС, «ХИЛЛ» ЖШС, «Гермес БЕ» ЖШС, жеке кәсіпкер Хабибулла) қатысты ҚР ӘҚБтК 462 бабының 3 тармағы бойынша хаттамалар толтырылып, сотқа жолданды. Экологиялық рұқсатсыз жұмыс жүргізген 4 кәсіпорынның қызметі уақытша тоқтатылып, айыппұлдар салынды.
Шымкент қаласында ауа сапасын бақылау жүйесі тұрақты түрде жүргізіліп, тұрғындардың қауіпсіздігі мен экологиялық тұрақтылық қамтамасыз етілуде.