ОРДАБАСЫЛЫҚ ТҰРҒЫН «АУЫЛ АМАНАТЫ» БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА ЖЫЛҚЫ ШАРУАШЫЛЫҒЫН БАСТАҒАН

Түркістан облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында көптеген азаматтар жеке кәсібін ашып жатыр. Соның бірі — 2023 жылы аталған бағдарлама аясында жылқы шаруашылығын дамыту мақсатында 7 200 000 теңге несие алған Ұялыжар ауылының тұрғыны жеке кәсіпкер Фарида Есболова. Шаруа несие қаражатын тиімді пайдалана отырып, жылқы басын көбейту бағытында бірқатар нәтижеге қол жеткізген. Қазіргі уақытта оның қожалығында 12 бас жылқы, соның ішінде 11 аналық жылқы және 1 құлын бар. Мал басының артуы — шаруашылықтың тұрақты дамуына және табыстың өсуіне ықпал етіп отыр. Қорадағы жылқылардың қысқы жем-шөп қоры толықтай дайын.
Кәсіпкер өз ісін әрі қарай кеңейту бағытында жұмыстар жүргізіп, алдағы уақытта жылқы басын тағы да көбейтуді жоспарлап отыр. Мемлекеттік бағдарламалар аясында қаржылай қолдау алып, кәсіп ашқан азаматтар — ауылдық кәсіпкерлерді ынталандырып, өңір экономикасының дамуына оң әсерін тигізеді.








